Мотоцикл жүргізіп көрмеген алматылыққа мотошлем тақпағаны үшін айыппұл салынған

01.03.2019 22:45

Мұндай түсінбеушілікті полицейлер азаматтардың заңды дұрыс білмеуімен байланыстырып отыр

Колёса

Алматылық жүргізушілер «заңсыз айыппұл салынды» деп полицейлерге жиі шағымданатын болған. Осындай уәжбен Almaty.tv редакциясына қала тұрғыны хабарласты.

Маржан осыдан бірер күн бұрын келген айыппұл қағазын көріп, есінен тана жаздапты. Онда сақшылар «мотоциклді мотошлемсіз жүргізді» деп айып тағып, берешек сомасын көрсеткен. Ал жүргізуші қыз бұрын-соңды мотоцикл тізгіндемегенін айтып отыр.

«Не себепті келгенін түсінбей отырмын, бұрын мотоцикл айдап көрмегенмін. Айдамақ тұрмақ, мотоциклге отырып та көрмегенмін. Жүргізуші куәлігімде менде категория бойынша мотоциклге рұқсат та жоқ», – дейді алматылық тұрғын Маржан ТӨЛЕНДІ.

Сөйтсе, мұндай наразылық Әкімшілік кодекстің 593-бабының 2-бөліміне қатысты туып отыр екен. Бойжеткенге полицейлер негізінде қауіпсіздік белдігін тақпай, жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл салған. Бірақ хаттаманы заңға сәйкес, баптың толық атауымен толтырған. Онда «Қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану қағидаларын сақтамау» деп анық көрсетілген. Көптеген көлік жүргізушілері осы екі сөздің аражігін ажырата алмай, жиі шағымданатын көрінеді. Мұны полицейлер азаматтардың заңды дұрыс түсінбеуімен байланыстырып отыр.

«Әкімшілік кодекстің 593-бабының 2-ші бөлімі бойынша нақты солай көрсетілген. «Қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе мотошлем кимегені үшін» деп. Сол себептен, дәл сол бап бойынша жіберілген хабарламада біз заңнан бір сөзді алып тастауға немесе қосуға құқылы емеспіз. Сол себептен, заңда қалай бекітілген, біз солай жазамыз. Баптарды көбінесе Әкімшілік кодекстің талаптарын білмеу себебінен шатыстырып жатады. Егер Кодексті оқыса бірден түсінікті болар еді», – деп түсіндірді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Еркін ӨТЕГЕНОВ.