Алматы әуежайында күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жұмысы жалғасуда

29.09.2021 22:47

Есептік кезеңде 34 шетелдік азамат сертификаттардың жоқтығынан Қазақстаннан депортацияланды

exclusive.kz

Алматы халықаралық әуежайына келетін барлық рейс жолаушыларының денсаулығы сұралып, термометриядан тексеруден өтеді. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv

Л. Мырзағалидың айтуынша, эпидемиологиялық бақылаудың күшейтілген іс-шаралары шетелден келетін ұшақтар мен чартерлік рейстерде бірдей жүргізіледі.

«Әуежайларға тек халықаралық қана емес, сонымен қатар ішкі рейстердің транзиті мен келген жолаушылардың эпидемиологиялық қадағалауы күшейтілді. Фельдшерлер ұшып келген жолаушылардың дене қызуын өлшейді»,– деді ҚДБ өкілі.

Ол 2020 жылдың 6 қазанынан 2021 жылдың 28 қыркүйегіне дейін Алматы халықаралық әуежайы бортына 682 768 жолаушысы бар 4702 рейс келгенін айтты. Оның ішінде 589 920 жолаушы COVID-19 бойынша теріс нәтижемен келді, 67 291-де вакцинация төлқұжаты бар, 25 557 сертификаты жоқ, есептік кезеңде 34 шетелдік азамат сертификаттардың жоқтығынан Қазақстаннан депортацияланды.

«25 523 адам ПТР анализін тапсыру үшін карантиндік ауруханаға жатқызылды. Келгендерден 125 оң нәтиже алынды, оның ішінде 37 жолаушы Түркиядан, 35 БАӘ-ден, 33 Египеттен, 5 Беларусьтен, 7 Украина, 7 Мальдивтен, екі Оңтүстік Кореядан және бір жолаушы Мали мен Ресей»,– деп хабарлады Л. Мырзағали.

Халықаралық жолаушылар рейсіне келетін адамдардың байланыссыз термометриясы Алматы халықаралық әуежайының аумағында жүргізіледі. Әуежай қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген.  Әуежай аумағында міндетті маска режимі және әлеуметтік қашықтықты сақтау талаптары бар.

Алматы ҚДБ басшысының орынбасары Л. Мырзағали қала тұрғындары мен қонақтарынан мегаполис аумағына келмес бұрын ПТР-тестілеуін жүргізуді сұрады.