|
13.01.2023 | 17:56
5639

Қазақстанның бірнеше қаласында шетел көлігін тізгіндеген азаматтар наразылық білдірді

Жиналғандардың айтуынша, олар көліктерінің нақты тіркеуде бар-жоғын білмейді

Қазақстанның бірнеше қаласында шетел көлігін тізгіндеген азаматтар наразылық білдірді Almaty.tv

Бүгін Қазақстанның бірнеше қаласында шетел көліктерін тізгіндеген азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып наразылық білдірді. Олар өзге елде тіркелген машиналарын заңдастыруды талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Даудың басы кеше ІІМ орынбасары Игорь Лепеханың «елге құрастырылған көліктер заңдастырылмайды» деген сөзінен басталды. Оның үстіне рәсімдеу үшін қойылатын басты талаптың бірі – сатып алу-сату келісім шартының болуы. Ал ол құжат көпшілігінде жоқ. Оң жақ рөлді машиналарды тізгіндеген жүздеген адам пікірін айту үшін жиналды.

Жиналғандардың айтуынша, олар көліктерінің нақты тіркеуде бар-жоғын білмейді. Себебі машинаның алғашқы иесін анықтау мүмкін емес. Бірнеше адамға сатылып кеткен. Оның үстіне, конструктор көлік екенін анықтау да қиын екен.  

«Әу баста біз конструктор екенін білген жоқпыз. Екі жыл болды, алдық, мініп жүрміз. Алдымызға үш жыл болды. Кейін біліп жатырмыз. Ешқандай базада жоқ. Қай жақта тіркеу бар екенін біз білмейміз ғой. Сатып алдық, біз кінәлі емеспіз. Енді жаңағы айтып жүрген делдалдар оны білген. Ал біз қарапайым халық білмедік. Сапалы, арзан болды. Ал бізде ондай өнім жоқ», – деді көлік жүргізушісі Мұратбек Құмархан

Оның үстіне, машиналардың құжаты болыпты. Қазақстан ішінде де айыппұл төлеп, сақтандыру полисін еркін жасағаннан кейін көліктің конструктор екеніне сену қиын екен.  

«Бұл –жанұямыздың 5 жыл бойы жинаған ақшасына алынған машина. Мен мемлекетке сендім, сондықтан сатып алдым. Біріншіден, кеденнен өтті. Екіншіден, сақтандыру куәлігі жасалған. Мемлекеттегі сақтандыру компанияларынан алдым. Олар заңды әрекет жасайды деген ойда болдым», – деді көлік жүргізушісі Құралай Сәли

Құрал-сайман ретінде Қазақстанға кіргізіліп, кейін қалай қарапайым машинаға айналып кеткені белгісіз. Құжатты кім жасады, тіркеуге қалай қойылған? Сұрақ көп. Жауап аз. Елорданың әкімшілік полиция басқармасының басшысы Елжан Шүпеков ереженің бекітіліп қойғанын, ол өзгермейтінін айтты.

«Кеше ІІМ орынбасары Игорь Лепеха айтқандай конструктор ретінде келген көліктер заңдастырылмайды. Ереже қазір қоғам талқысына шығарылды. Бекітілді. 1 шілдеден бастап шетел көліктерін тізгіндеген Қазақстан азаматтарына айыппұл салына бастайды», – деді қалалық әкімшілік полиция басқармасының басшысы Елжан Шүпеков

Бүгін тек Астана қаласында емес, Алматының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында да осындай шу болды. Барлығының талабы бір. Шетелдік көліктерді бір рет тіркеу бойынша Президент айтқан жеңілдіктер барлығына қатысты болса екен деген өтініш.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир