Алматыда 3 жаңа автобус маршруты іске қосылады

18.07.2022 23:00

Қолданыстағы 9 маршрут сызбасына өзгеріс енгізіледі

фото из открытых источников

Метрополитеннің жаңа станцияларының іске қосылуын ескере отырып қаланың батыс бөлігіндегі маршрут желісін түзету жұмыстары аясында 3 жаңа маршрут ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сонымен қатар қолданыстағы 9 маршрут сызбасына өзгеріс енгізіледі.

15 тамыздан бастап Абай шағынауданынан Карьерная көшесі арқылы Момышұлы метро станциясына дейін жүретін №49 және Асыл Арман ықшамауданынан Бесағаш шағынауданына дейін қатынайтын №100 маршруттарды ашу жоспарланған. 

Сонымен қатар 30 тамыздан бастап Кемертоған шағымауданынан Момышұлы метро станциясына дейін қатынайтын №53 маршрутты іске қосу жоспарда бар.

Қолданыстағы №137 маршрут екіге бөлінетін болады.

Батыс бөлікте Наурызбай ауданының әкімшілік орталығынан Адем СО дейін қысқартылған №137 маршрут қалады, ал шығыс бөлікте Адем СО мен Қайрат шағынауданы аралығында №138 қатынайды. Маршрутты 15 тамыздан бастап бөлу жоспарланып отыр.

№55 маршрут метро станцияларына дейін жеткізуші ретінде ашылып, бастапқыда оны Момышұлы станциясына дейін қысқарту жоспарланған болатын. Алайда жолаушылар тарапынан сұраныстың жоғары екендігін ескере отырып, маршрутты Алтынсарин даңғылынан кері бұру туралы шешім қабылданды.

№110 маршрут 10 тамыздан бастап бір аялдамаға ұзартылып, Момышұлы метро станциясымен байланыстырылатын болады.

№212 маршрутты 15 тамыздан бастап қала орталығына дейін қысқарту жоспарланған. Енді маршрут Жандосов елді мекенінен Саин-Жандосов көшелері қиылысына дейін жүреді

№78 маршрут  15 тамыздан бастап Алматыға солтүстік батыс бөліктен кіретін қала маңы тұрғындары үшін Момышұлы метро станциясына жеткізетін маршрут болады. 

№23 маршрут Алматы-2 темір жол вокзалына дейін қысқартылады.