Оның 500 шақырымында жұмыстар аяқталып, көлік қозғалысы ашылған
Қазақстандағы жол сапасына жауапты қызметкерлердің тек 10 пайызының ғана мамандығы бойынша дипломы бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл арнайы жүргізілген сараптама қорытындысынан кейін белгілі болды. «Сондықтан ең алдымен жауапты мамандардың біліктілігін арттыру керек» деген «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» өкілдері оқыту семинарын бастады. Оған Алматы қаласы мен облысының әкімдік мамандары қатысып, біліктілігін арттырмақ. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы биыл 80-ге жуық тексеру жұмыстарын жүргізіп, мердігерлер төсеген жолдардан 133-ке жуық кемшілік тауыпты. Қаладан облыстық филиалға жақында ғана ауысқан Мәулен Әліповтың сөзінше, міндетіне салғырт қарайтын тапсырыс алушылардың үстінен хаттама толтырылып, тиісті шаралар қабылданған.
«Егер тапсырыс берушімен ақау уақытылы қалпына келтірілмеген болса, біз құрылыс басқармасына хат жазамыз. Одан кейін олар жаңағы мердігер мекеме, сапасын қадағалаушы мекемелердің лицензиясын тоқтатады немесе айырады, айыппұл салады», – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Мәулен Әліпов.
Жол сапасын арттыру мақсатында облысқа қарасты барлық ауданның жауапты мамандары бас қосып, бірқатар мәселеге тоқталып өтті. Білікті инженерлер орталықтың жұмысын таныстырып, тексеру барысында қолданылатын жабдықтарды көрсетті. Айта кетсек, «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалы 2019 жылы құрылған. Бұл орталықта 4 зертхана бар. Онда арнайы мамандар тас жолдың сапасын тексеру үшін түрлі сынамалар жасап, зерттеу арқылы қорытындысын айтады. Мәселен олар мынандай түрлі тастарды тексеру арқылы тас жолдың суық пен ыстыққа, қар мен жаңбырға төзімділігін зерттейді.
Жол активтері ұлттық сапа орталығы жергілікті, сондай-ақ облыстың атқарушы орган мамандарына сапаны тексергенде қолданылатын техника жұмысын үйретті. Одан бөлек оқыту кезінде «Автомобиль жолдарын диагностикалау және паспорттау», «Ведомстволық сараптама, порталмен жұмыс» сынды тақырыптар қамтылды. Енді мұндай семинарлар еліміздің өзге өңірлерінде де ұйымдастырылмақ.
«Жолдардың сапасын және жұмыс барысындағы технологиясын дұрыс сақтау мақсатында Жол активтері филиалымен 2020 жылдан бастап келісім-шарт жасау арқылы жұмыс істеп келеміз. Яғни, әр процесте сынамалар алынады. Зертханалық талдамалар жасалып, жіберілген кемшіліктер бойынша мердігерлерге ескерту беріліп, кемшілік жойылып тұрады», – деді Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бейбіт Ысқақов.
Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде Президенттің тапсырмасына сәйкес «Нұр-Сұлтан – Алматы» көлік дәлізін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша жолдың жалпы ұзындығы 946 шақырым. Бүгінде соның 500 шақырымында жұмыстар аяқталып, көлік қозғалысы ашылған. Тағы 434 шақырымында биыл төменгі қабат жабыны төселіп, пайдалануға берілмек. Ал 2023 жылы жаңғырту жұмыстары толық аяқталуы тиіс.
Оразай Нұртай, Жақсылық Тілепберген, Алматы телеарнасы.