Алдағы екі-үш жылда еліміздегі 30-дан астам күре жол ақылы болмақ

19.07.2019 23:53

Бүгінде елімізде 682 шақырымды құрайтын 4 ақылы жол бар

Фото "Уральская неделя"

Жалпы ұзындығы 11 мың шақырымды құрайтын еіміздегі барлық күре жолдар алдағы 2-3 жылда ақылы болмақ. Бұл жөнінде «Қазавтожол» ұлттық компаниясының өкілдері айтты. Тораптарда үйреншікті өткел тоспасы, арнайы ақша қабылдайтын құрылғылар болмайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жол ақысын алдын ала ұялы телефон, арнайы қосымша арқылы өтеу жолдары қарастырылған. Барлық жиналған қаржы тасжолдардың күтіміне жұмсалады.

«Алдағы екі-үш жылда біз ақылы жолдары желісін тағы 32 жолға арттырамыз. Олардың жалпы ұзындығы 11 мың шақырымды құрайды. Қазіргі кезде конкурстық шаралар өтуде. Көз үйренген өткел тоспалары, ақша жинайтын құрылғылар болмайды деген жоспарымыз бар. Сондықтан алдын ала төлеу жүйесі енгізілмек», – дейді «Қазавтожол» ҰК АҚ «ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалының директоры Асхат ОҚАСОВ.

Айта кетейік, бүгінде елімізде 682 шақырымды құрайтын 4 ақылы жол бар. Олар: Нұр-Сұлтан – Шортанды, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас жолдары.