Ұсынысқа Үкімет қол қойса, жаңа темір жолдың құрылысы жақын арада басталуы мүмкін
Алматы маңында үшінші темір жол вокзалы салынбақ. Бүгінде бұл қаланың бас жоспары ғылыми қызметкерлерінің талқылауынан өтіп, дайын тұр. Енді ұсынысқа Үкімет қол қойса, жаңа темір жолдың құрылысы жақын арада басталуы мүмкін. Сонымен вокзал Алматының қай бөлігінде бой көтереді? Жалпы қала тұрғындарына мұндай нысан қажет пе? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толықтырып айтады.
Алматыға үшінші темір жол бекетін салуды бұған дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясы ұсынған болатын. Мамандардың айтуынша, бұл жолаушылар тасымалы үшін де өте маңызды. Алматы бас жоспарын талқылауға қатысқан Жанат Әбдіхалықұлы соңғы жылдары қалаға жаңа елдімекендер қосылып кеңейіп жатқанын айтады. Қазіргі аумағы 70 мың 250 гектар. Одан бөлек, темір жол вокзалы бой көтерсе, Алматы-2-нің жүктемесін едәуір азайтар едік дейді.
«Негізінен 2002 жылы жасалған Алматы қаласының бас жоспарына сәйкес, түзету жұмыстары жүргізіліп аяқталды. Қазір сол бас жоспарды қоғамдық талқылаудан өткізіп жатырмыз. Одан оны ары қарай бекітілу жұмыстары жүргізіледі. Ол Үкіметтің қаулысымен бекітіледі. Ол енді болашақтың ісі. Дәл қазір жүмыс жүргізіліп жатқан жоқ», – деді «Алматыбасжоспар» ғылыми зерттеулер шеберханасының жетекшісі Жанат Айтілеу.
Бүгінде Алматыдағы теміржол торабының жалпы ұзындығы 69 шақырым. Ол торапқа Алматы-1 және Алматы-2 бекеттерін қоса алғанда, барлығы тоғыз станса кіреді.
Біз тұрған аймақ Боралдай станциясы. Үшінші вокзал да осы бекет орнына салынуы мүмкін. Алматыға басқа аймақтардан келетін пойыздардың барлығы осы станцияға тоқтап барып, қалаға кіреді. Бұл жерде темір жол вокзалы бой көтерсе, Шығыс Қазақстан мен еліміздің батыс аймағын толығымен қамтитын темір жол торабына айналмақ.
Мұндай жаңалықты құлағы шалған қала тұрғындары да нысанның құрылысын қолдайды. Қазіргі темір жол вокзалына бару үшін шеткі аудандағылар алыс дейді. Оған қоса, көлік кептелесі тағы бар.
«Иә, бірінші вокзалға барамыз. 2-ші вокзал тозып кеткен енді шындығы керек. Жақсы болады енді, халыққа жақсы, жаңа вокзал жаңа жобамен салынатын шығар», – деді қала тұрғыны Ахметқали Деңгілбаев.
«Балаларға жақсы болады. Мына жерде кептеліс тұрмайды. Мында қашан келсең де, кептеліс қой, қалаға шығу мүмкін емес», – деді қала тұрғыны Тынышқали Тұрарқұлов.
Одан бөлек, бас жоспарға сәйкес, бірқатар жобаларды іске асыру да көзделіп отыр. Оның бірі Алматы-1 және Алматы-2 темір жол вокзалындағы пойыз жолдарын кеңейту. Сондай-ақ, Талғар, Есік, Ұзынағаш бағытына трамвай желісінің құрылысын салу да жоспарда бар екен. Заманауи талапқа сай, жеңіл рельсті көлік ретінде пайдалануға берілуі мүмкін.
Ұлағат Арғын, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» арнасы