Көлігін тіркеген - 37 жастағы алматылық Владимир Баев
Алматыда алғаш рет ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөлік тіркелді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы әкімшілік полициясының мәліметінше, «Саялы» мөлтек ауданындағы №1 мамандандырылған ХҚКО-да республика деңгейі бойынша алғаш рет Ресейден Қазақстанға әкелінген көлік тіркелді.
Көлігін тіркеген - 37 жастағы алматылық Владимир Баев. Ол Renault маркалы көлігін тіркеген екен. Көлік қожайынына сары түсті тіркеу белгісі берілген.
Естеріңізге салсақ, 1 ақпанда Қазақстанда ЕАЭО елдерінен әкелінген көліктерді уақытша тіркеу бойынша акция басталған болатын. Ақпанда елдегі барлық мамандандырылған ХҚКО демалыссыз жұмыс істейді, бірақ жексенбіде тек көлікті уақытша тіркеуді рәсімдейді.