2021 жылы "Алвис" ЖШС компаниясы су құбыры және кәріз желілерін салу жұмыстарын аяқтаған болатын
Алматы қаласының әкімдігі жол төсемінің істен шығуына байланысты мердігер ұйымның үстінен шағым түсірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін Алматы қаласының Түрксіб ауданындағы Топчиев көшесінде жол төсемі ойылып кетті. Мамандар ол жерге барып, арнайы тексерген кезде оқиғаның жауын -шашынның салдарынан жиналған судың топырақты шайып кетуінен әрі қардың еруінен болғандығын анықтаған. Алайда, құбырдан зақым табылмаған, ал су беру штаттық режимде жүзеге асырылуда.
Еске салсақ, осы учаскеде 2021 жылы "Алвис" ЖШС компаниясы су құбыры және кәріз желілерін салу жұмыстарын аяқтаған болатын. Кепілдік міндеттемелері аясында компания ақауларды, өзге де кемшіліктерді жоюы тиіс болатын.
Басқарманың ақпараты бойынша, жағымсыз оқиғадан кейін бір күн ішінде "Алвис" ЖШС компаниясы орын алған олқылықтарды қалпына келтірді. Биыл сәуір айында ауа-райы қолайлы болған кезде асфальтты төсемді толығымен қалпына келтіру жоспарланып отыр.