Қазақстан 7 мемлекетпен әуе қатынасын қайта жандандырмақ

14.08.2020 00:06

Мысыр еліне қыркүйектен бастап аптасына бір-екі рейс қатынайды

ашық дереккөз

Қазақстаннан 7 мемлекетке әуе қатынасы қайта жанданбақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұндай шешімді ел аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдап отыр. Халықаралық әуе рейстері 17 тамыздан бастап кезең-кезеңімен қайта іске қосылатын болады. Мәселен, Мысыр еліне қыркүйектен бастап аптасына бір-екі рейс қатынайды.

«Оның ішінде Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Украина, Беларусь, Нидерланды, Германия және Египетке рейстер. Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық шарттармен орындалатын болады.  Жалпы жеті бағыт бойынша шет мемлекеттермен мемлекеттік авиациялық биліктермен жұмыс жүргізілді. Екі жақты рұқсат бар екенін хабарлаймыз. Бірақ кейбір елдермен, мысалы Ресей елімен бірқатар жұмыстар әлі жүргізілуде. Нақты датасын кейінірек айтатын боламыз», – деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті халықаралық қатынастар басқармасының бас сарапшысы Әзиз Досымбетов.