Келесі жылы тағы 2 газ құю бекетін салу жоспарланып отыр
Алматыда газ құю бекеттерінің жетіспеуіне қатысты мобилділік басқармасының мамандары түсінік берді. Олардың айтуынша, кептелістің орын алуына 3 бекеттің істен шығуы себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал газ құю бекеттерінің жетіспеушілігі шілденің соңына дейін шешіледі деп сендірді.
Автобустар күндіз жолаушыларды тасымалдаудың орнына көлікке газ толтырып үлгеру үшін осында жинала бастайды екен. Түсте келіп, түн ауа қайтамыз, отбасымызды көрмейтін болдық деп мұңын шақты автобус жүргізушілері.
«Сағат 14:40-та келгем, әлі кезек күтіп тұрмыз. Бұның алдынада түнгі сағат 03:30 барғанбыз үйге. 1 сағат ұйықтап азанда қайтып жұмысқа келдім. Аялдамадан аялдамаға барасың халық үйіліп тұрып қалады. Барсаң бітті, «неге уақытылы жүрмейсіңдер?» деп шулайды», – деді автобус жүргізушісі Рахымжан Терлікбаев.
Қалада метан газымен қамтитын 6 бекет болса, соның қазір үшеуі ғана жұмыс істеп тұр. Кептелістің орын алуына қалған 3 бекеттің істен шығуы себеп болған.
«Үшеуі істеп жатыр. Жетпейді. Түске дейін істейміз, түстен кейін бәріміз осында газ құюғакелеміз», – деді автобус жүргізушісі Арал Абзалханов.
«Мына кептеліс басқа көлік жүргізушілеріне кедергі келтіреді. Жолда апаттық жағдайлар орын алады», – деді қала тұрғыны Азизжан Баратов
Жұмысшылардың айтуыншы, бір рет толтырылған газ 3-4 рейске ғана жетеді екен. Бір автобусқа 20 текше метр газ керек, бірақ көгілдір отынның көлемі санаулы болғандықтан 10 куб қана құйылады. Соңғы келгендерге кейде ол да бұйырмайтын көрінеді.
«Күніне шамамен 150 автобус келеді. Тәулік бойы істейміз. Түні бойы автопарк көліктеріне құямыз», – деді газ құю бекетінің қызметкері Ерік Талқанбаев.
Әйтсе де автобус жүргізушілері басшылық жағдайды енді қолға алып жатыр дейді.
«Кешеден бастап қолға алып жатыр екен. Бізді 11:30 алып кетеді. Енді кезекте тұрған уақытағы еңбекақымызды төлейміз деп тұр. Оған енді ешкім кепіл бола алмайды. Таңның атысы, кештің батысы бала-шаға асырау керек. Бәрімізде несие бар», – деді автобус жүргізушісі Досмұхамед Ахметов.
Жауапты басқарма өкілдері автобус жүргізушілеріне кезекте тұрғаны үшін төлем берілетінін растады. Ал бекеттердің жетіспеушілігі шілденің соңына дейін шешілмек. Сондай-ақ табиғи газдың тапшылығы жоқ дейді мамандар.
«3 стансаның бірі 15 шілдеде жұмысын қайтадан жалғастырады. 20 шілдеден бастап жеке кәсіпкердің есебінен жаңа үлкен станса ашылатын болады. Алдағы уақытта бүгін байқалып отырған жағдайды шешімін табады деп сенеміз», – деді Мобилділік басқармасы маршруттық желіні ұйымдастыру бөлімінің басшысы Абылайхан Омархан.
Бұдан бөлек Алматы әкімдігі келесі жылы тағы 2 газ құю стансасын салуды жоспарлаған. Бірі Құлжа тас жолының бойында, екіншісі Мөңке би мен Оңғарсынова көшелерінің қиылысында бой көтермек.
Назкен Еркін, Сағынғали Мұғайтпасов, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы