Қазақстанда Армениядан әкелінген 2 мыңнан астам көлік тіркелді

16.06.2020 23:58

Рөлі оң жақтағы автомашиналарды тіркеу қарастырылмаған

Бүгінгі күнге дейін Армениядан әкелінген 2 мыңнан астам көлік тіркелген. Оның басым бөлігі еліміздің батыс аймақтарына тиесілі. Бұл туралы Ішкі Істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның сөзінше, Қазақстан азаматтарына Арменияның уәкілетті органдарында тіркелген және біздің елімізге 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген автомобильдер тіркеуге жатады. Тіркеу автокөліктің иесіне, яғни Армения Республикасында берілген техқұжатта көрсетілген тұлға арқылы жүзеге асырылады. Мұндай көліктерді тіркеу сенімхат немесе сақтандыру полисі негізінде басқаратын адамдарға жүргізілмейді, өйткені заңды түрде олар көлік иесі болып саналмайды.

«Әкелінген автокөліктер Арменияның уәкілетті органдарында есепте тұрғандықтан, тіркеу кезінде басқа мемлекетте тұрақты тіркеуі бар көлік құралы ретінде Қазақстанда сары түсті нөмірлік белгілер беріледі. Бұл ретте нөмірлер автомобиль иесінің нақты тұратын жері бойынша өңірдің кодымен беріледі. Рөлі оң жақтағы автомашиналарды тіркеу қарастырылмаған, өйткені оларға 2009 жылдан бастап Заңмен тыйым салынған», - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік ТҮСІПОВ.