Қырғауылды ауылындағы Көкдала және Іңкарбеков көшесі, Райымбек ауылындағы Сүйінбай және Наурыз көшесі арқылы қалаға өтуге болады
Енді Алматы – Шамалған – Ұзынағаш жолы арқылы Алматыға қатынау қиындай түспек. Өйткені 2 мамырдан бастап «Үлкен Алматы айналма жолы» жобасы аясында автожолдың 23-шақырымы жол құрылысына байланысты жабылады, деп хабарлайды Almfty.tv тілшісі.
Облыстық полиция қызметкерлерінің айтуынша, айналма жолдан өтетін көше тар болғандықтан, кептеліс туындап, жолда жүру уақыты ұзарады. Алматы – Ұзынағаш жоғарғы тас жолы – қалаға облыстан қатынайтын ірі жол торабы.
«Бесмойнақ – Ұзынағаш тас жолы бұрын да кептеліс болатын. Осы жолдың 23-шақырымы мен 22-шақырымның арасында толықтай жол қозғалысы жабылады. Соны қазір алдын-ала көлік жүргізушілеріне түсіндіріп, ескертіп жатырмыз. Қаскелеңнен, Үшқоңырдан, Ұзынағаштан қатынайтын жүргізушілерге жүру маршруттын өзгертсін деп айтып жатырмын», – деді ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Ысқақов.
Тоғыз жолдың торабындағы көлік қозғалысын теңшеп, тас жолдағы кептелістің алдын алу мақсатында Райымбек ауылдық округі маңында салынып жатқан айналма көпірдің құрылысы 2 мамырда толық іске қосылады дейді мамандар. Ал қазір негізгі жолды уақытша жабу үшін дайындық жүріп жатқанын айтады. Ал жергілікті тұрғындар бұл жол құрылысы кептеліс мәселесін шешетін болса, уақытша келтірілген қиындықтарға төзуге болады деп отыр. Өйткені қалаға кіріп-шығатын мыңдаған көлік үшін жол тар дейді.
«Жақсы болады ғой, көпір салынса. Жолымыз кеңейсе. Емін-еркін жұмысқа барамыз. Балаларымызды мектепке апарамыз», – деді Райымбек ауылының тұрғыны Есенмұрат Бердімұратов.
Ал аталмыш Үлкен Алматы жол құрылысына жауапты «ҚазАвтоЖол» АҚ өкілдері бірқатар мәселелерді талқылап, көлік қатынасына қиындық келтірмеудің жолдарын қарастырып жатқандарын жеткізді.
«Қазір айналып өту үшін басқа да қосымша жолдарды қарастырып жатырмыз. Қалаға қатынайтын қосалқы көшелерді мына Райымбек ауылының ішінен бөліп берсек деп отырмыз. Қазір нақты маршруттар белгіленіп, көлік жүретін жолдың бағыттарын анықтап жатырмыз», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облысы бойынша басшысының орынбасары Нұржан Таңатаров.
Мамандар аталған аумақ жабылған күннің өзінде, Қырғауылды ауылындағы Көкдала және Іңкарбеков көшелері, Райымбек ауылындағы Сүйінбай және Наурыз көшелері арқылы қалаға өтуге болатынын айтады. Алайда ол көшелер тар болғандықтан, кептеліс болуы мүмкін екенін ескертеді.
Әлібек Шынтемір, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы