Құжат қабылдайтын орталықтардың жұмыс уақыты ұзартылған
Елімізде шетел көліктерін заңдастыру басталғалы бері 180 мыңға жуық темір тұлпар иесі қазақстандық нөмір алып үлгерген. 10 мыңға тарта конструктор көлік заңдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстанда әбден шу болған шетел көліктерін заңдастырудың аяқталуына үш-ақ күн қалды. Биыл қаңтардан бері 200 мыңнан аса өзге елдің нөмірін таққан машиналардың 90 пайыздан астамы заңдастырылды. 22 мамырдан бері 10 мыңға тарта конструктор көлік қазақстандық нөмір алған. Полицейлердің айтуынша, бұл темір тұлпарларды тіркеу кезінде талай қиындық кездескен.
– Көлік құралдарын тіркеу кезінде түрлі қиындық болды. Өйткені әр көлік құралы біздің елімізге неше түрлі жолмен кірген. Бірі автоконструктор ретінде кірсе, енді бірі уақытша есепте тұрған. Солардың әрқайсысын кезең-кезеңге бөліп, оңтайлы шешім қабылдадық. Бүгінгі күні автоконструкторлар туралы оң шешім қабылданды, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Алтынбек Жамалиев.
Легализацияның аяқталуына аз қалған сайын халыққа қызмет көрсету орталықтарына ағылатын адам саны да көбейген. Әсіресе, Батыс Қазақстанда күніне 150 адам өтініш өткізіп жатыр. Осыған байланысты құжат қабылдайтын орталықтардың жұмыс уақыты ұзартылған. Осы күні елдегі халыққа қызмет көрсету орындары таңғы 9:00-ден кешкі 20:30-ға дейін құжат қабылдауда. Ал сенбі күні 19:30-ға дейін өтініш өткізуге болады.
– Қазір адамдардың көпшілігі Батыс Қазақстан облысында және оңтүстік өңірлерде легализацияға құжат ұсынуға кезекте тұр. Сондықтан келісім алған кісілер 1 шілдеден кейін уайымдамай құжат тапсыра алады. Себебі ҚР Үкімет қаулысына легализация бойынша өзгерістер енгізілді, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ операциялық департамент директорының орынбасары Мұхтар Отарбай.
Құжаттарды қабылдау 1 шілдеге дейін жалғасады. Ал 30 маусымда өтініш бергендердің өтінімі толығымен қаралып, тіркеледі екен.
Ал конструктор көліктер заңдастырылғаннан кейін, оны басқа адамның атына аудара алмайсыз. Сонымен қатар ол темір тұлпармен Қазақстан аумағынан шығуға да тыйым салынған. Айта кетейін, 1 шілдеден бастап шетел көліктерін Қазақстан азаматының тізгіндеуіне тыйым салынады. Егер өзге елдің нөмірі тағылған темір тұлпарды айдап отырсаңыз, қомақты айыппұл салынады.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана