Алып көпір жұмысы осыдан 3 жыл бұрын басталған
Алматылықтарды алаңдатқан Алтын Орда базары маңындағы көпір құрылысының қашан аяқталатыны белгілі болды. "QazAvtoJol" Ұлттық компаниясы өкілдерінің мәлімдеуінше, негізгі магистраль бойынша қозғалыс биыл жыл соңына дейін ашылады. Біраздан бері бітпей жатқан жолға кедергі келтірген кімдер? Жүргізушілер бұл маңнан қашан кептеліссіз өте алады? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғынұлы толықтырып айтады.
Тоғыз жолдың торабы болған бұл транзиттік дәлізден күніне шамамен 18 мың көлік қалаға кіріп шығады. Ал, күніміз кептелеспен өтті деген жолаушылар биыл көпірдің толығымен аяқталатынына сену қиын деп отыр.
БЛИЦ:
- Өте көп тұрамыз, таңертең 1 сағат, 27 минут тұрдым мен кептелісте.
- Алтын Орда базары онсыз да кептеліс, оның үстіне мына құрылыс қосылды. Жұмысқа кешігіп тұрмыз осы тұрғанда.
- Қаскелеңде жұмыс істейміз, сол жақтан келе жатырмыз. Ұзақ тұрамыз, мына жолды жауып тастады.
Кептеліс кезінде бәрінен бұрын жедел жәрдем қызметі мен өрт сөндіру машиналарына қиын. Сығылысқан кептеліс кесірінен қызметтік көліктер төтенше жағдай орнына уақытылы жете алмай қалатын жағдайлар кездеседі екен.
Көлік кептелісі жыл соңына дейін азда болса сейіледі дейді мамандар. Ол үшін Алтын Орда базары жанынан ұзындығы 4 шақырым болатын жол аяқталады. Одан бөлек, Ақсай өзеніндегі көпір құрылысы мен үш жерүсті жүргіншілер өткелі жасалып бітуге аз қалған. «QazAvtoJol» Ұлттық компаниясы өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл жолдар жаңа жылға дейін пайдалануға беріледі.
«Бүгінде «таға» типті эстакада көпірінің арматуралық қаңқасын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолдың жүру бөлігін жарықпен 10 жолаққа дейін кеңейту жұмыстары аяқталып қалды. Жобаны толық аяқтау 2021 жылға жоспарланып отыр», – деді Алматы облыстық «QAZAVTOJOL» АҚ ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Аягөз Бекенова.
Алып көпір жұмысы осыдан 3 жыл бұрын басталған еді. Уақытылы тапсырылмауына себеп көп. Соның бірі мына жанармай бекетінің ретсіз орналасуы. Жекеменшік серіктестік болып саналатын бұл бекеттерді мемлекет наурыз айында ғана сатып алған.
Еске салайық, 2017 жылы басталған жол құрылысы 2019 жылы аяқталып, тапсырылуы керек болған. Өздеріңіз көргендей, құрылыс жұмыстары әлі де қарқынды жүріп жатыр. Жұмыстың уақытылы аяқталмауына себеп болған жанармай құю бекеттері әлі де сүрілмегінін көріп тұрмыз. Алтын Орда көпірі толығымен алдағы жылы аяқталады деп сендірді мамандар.