Жолайрығының құрылысы Құлжа трактісінің көлік өткізу қабілетін тәулігіне 77 мың көлікке дейін арттырады
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы жол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі онлайн-презентация барысында салынып жатқан үш жолайрығы жөнінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұқтырма көшесі – Құлжа тракті бойындағы жолайрығының құрылысы іргелес орналасқан шағын аудандар мен 300 мыңға жуық тұрғыны бар Алматы облысының қала маңындағы елді мекендерін қаланың орталық бөлігіне және Алматы халықаралық әуежайына қолжетімді етуге бағытталған.
Жолайрығының құрылысы Құлжа трактісінің көлік өткізу қабілетін тәулігіне 77 мың көлікке дейін арттырады, ал Бұқтырма көшесіндегі көлік қозғалысы тәулігіне 60 мыңға дейін ұлғаяды.
Жоба бойынша Бұқтырма көшесі бойына (570 м) туннельді бөлігі бар үш деңгейлі жолайрығын, Құлжа трактісі бойына (783 м) эстакадасы бар үш жолақты және олардың қиылысында айналмалы қозғалысты қамтамасыз ететін кіреберістерді салу қарастырылған.
Биыл жекелеген кіреберістер мен бағыттар бойынша көлік қозғалысын ішінара ашу жоспарлануда. Келер жылы құрылыс толық аяқталады.
Сейфуллин даңғылы-Жансүгіров көшесінің қиылысында туннель түріндегі жолайрығы салынуда. Жоба бойынша Сейфуллин даңғылы бойымен көліктің кедергісіз жүруіне арналған жалпы ұзындығы 690 метрлік екі туннель салу қарастырылған.
Жансүгіров көшесі бойында және кіре берістегі көлік қозғалысы жер деңгейінде өтеді. Сондай-ақ, 4 жер үсті жаяу жүргінші өткелінің, тротуарлардың құрылысы, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарастырылған.
Жолайрықтарының құрылысы қазірдің өзінде аяқталған Назарбаев даңғылын теміржол бойымен өтетін эстакадамен бірге Солтүстік-Оңтүстік көлік ағындарын бөлуге мүмкіндік береді. Сейфуллин даңғылының өткізу қабілеті тәулігіне 65 мың көлікті, Жансүгіров көшесінде тәулігіне 76 мың көлікті өткізетін болады. Жобаны аяқтау 2021 жылдың желтоқсанына жоспарланған.
Рысқұлов даңғылы-Емцов көшесі бойындағы жолайрығы кіре берістер мен бағытттар бар Рысқұлов даңғылы арқылы өтетін көпірді қамтиды. Эстакаданың ұзындығы – 186 метр. Жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы қарастырылған.
Бұл жолайрығы пайдалануға берілген кезде Рысқұлов даңғылының көлік өткізу қабілеті тәулігіне 80 мыңға дейін, ал Емцов көшесінде тәулігіне 40 мың көлікке дейін артатын болады.
Биыл Сайын мен Мөңке би көшелерінің қиылысында жолайрығының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Ол «жоңышқа жапырағы» типтес түрлі бағыттары әрі кіреберістері болады.
Ұзындығы 2,3 км болатын екі жер үсті жаяу жүргіншілер өткелін, тротуарлар мен велосипед жолдарын салу және көшелерді жарықтандыру қарастырылған. Жолайрығының өткізу қабілеті тәулігіне 100 мың көлікті құрайтын болады.