Петропавлда ресейлік нөмірмен көлік алған тұрғындар наразылық білдірді

16.11.2021 00:56

Олар несиеге әрең алған көліктері жарты жылдан бері айыппұл тұрағында тұрғанын айтады

Almaty.tv

Ресей нөмірімен көлік алған бір топ тұрғын Петропавлда жиналып, наразылық білдірді. Олардың айтуынша, несиеге әрең алған көліктері қазір айыппұл тұрағына қаңтарылған. Оны қайтара алмай жүргендеріне жарты жылдан асып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Көлік мәселесін даулаған тұрғындардың қарасы қалың. Солардың бірі – Абылайхан Байғымбеков. Ол ресейлік нөмірі бар көлігін 4 млн теңгеге несиеге алған. Оның сөзінше, дәл сондай көліктер Қазақстанда екі есе қымбатқа сатылады. Бір кездері ақшасын үнемдемек болған ол енді сан соғып қалғанына ашулы.

«Қазақстанда тіркелген көліктер 7-10 млн теңге тұрады. Көлікті алған себебім, Ресейде көліктер арзанырақ тұрады. Ал қазір мен мүлде көліксіз қалдым. Менің екі балам бар, көлікке алған несиені төлеп жатырмын, ипотека тағы бар, баларды өсіру керек, ал көлік жоқ. Қазір қыс келді, жүріп-тұруға көлік керек қой», - деп күйінеді көлік иесі Абылайхан Байғымбеков.

Көлік мәселесін даулағандардың ішінде Қазақстанның түрлі қаласынан келген тұрғындар бар. Олардың айтуынша, сатып алған көліктері Қазақстанда заңсыз саудаланғанын жақында білген. Бұл мәселе бойынша қылмыстық іс Петропавлда қозғалып, көлік иелері жәбірленуші емес, куәгер ретінде көрсетілген. Енді тұрғындар көлікті өзімізге қайтара алмай қаламыз ба деп алаңдаулы.

«Үкімет органдары біздің жанайғайымызды естіп, сол көліктер бойынша бір шешімін шығарса дейміз. Өйткені біз жағдайдың құрбаны болып тұрмыз. Сол машиналарды заңды түрде тіркеуге қойып, қозғалысымызды жалғастырып, отбасымызды асырасақ дейміз», - дейді көлік иесі Данияр Исин.

Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері Ресей нөміріндегі көліктер Қазақстан аумағына контрабандалық жолмен әкелінгенін растады. Олардың айтуынша, бұған байланысты экономикалық контрабанда бабы бойынша қылмыстық іс жүріп жатыр.

«Автокөлік құралдары елімізге қосалқы бөлшектер ретінде әкелінген. Кейін үшінші тарап жасанды тіркеу туралы құжаттар арқылы сатылған. Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының аясында көліктер тартып алынды. Бәрі сот шешіміне байланысты болады», - деді СҚО Экономикалық тергеу департаментінің аға тергеушісі Болат Телекеев.

Экономикалық тергеу департаменті қылмыстық іс қанша көлікке байланысты қозғалғанын айтпады. Темір тұлпарлардың ел аумағына қалай кіргені де белгісіз. Ресей тіркеуінде тұрған көлікті несиеге алған тұрғындардың жағдайы қай арнаға бұрылатынын да айта алмаймыз дейді тергеуші. Тұрғындарға сот шешімін күткеннен басқа амал жоқ.

Алина Нұртазина, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысынан