Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қала велоқоғамдастығының өкілдерімен кездесті

27.08.2019 00:50

Фото mk-kz.kz

Жол инфрақұрылымын өзгерту бойынша шешімдер барлық тараптардың пікірін ескере отырып қабылданады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қала велоқоғамдастығының өкілдерімен кездесу кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Кездесудің басты мақсаты - қаланың велоинфрақұрылымының дамуы және Байтұрсынов пен Қонаев көшелеріндегі веложолды ұйымдастыруды өзгерту бойынша қалалық мобильділік басқармасы ұсынған шешімдерді талқылау еді.

Жиынға Vision Zero тобының мүшелері мен велоқоғамдық өкілі Фархат Хабибулин, VeloFriends қауымдастығының өкілі Елена Ерзакович және Almaty Bike қауымдастығының негізін қалаушы Ануар Жүсіпов қатысты.

Е.Бабақұмаровтың айтуынша, қала әкімдігі үшін қала халқының қауіпсіздігі әрқашан маңызды. Ол үшін қаланың барлық аудандарындағы жолдарда өлім-жітім мен жол-көлік оқиғасын төмендету саясатын жүзеге асыру керек. Мұндай өзгерістердің іс жүзіне асуы қаладағы барлық мүдделі қоғамдастықтардың пікірі талқыдан өткен соң ғана қабылданады. Осы мақсатта қала әкімдігі урбанистика саласындағы жүйелі диалог орнату үшін кәсіби алаң құруды қолдауға дайын. Сонымен қатар, кездесуге қатысқандар қалалық мобильділік басқармасы жанынан микромобильді көлік пен және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы бойынша кеңес құру идеясын талқылады.

Әңгіме барысында қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігі үшін атқаралып жатқан іс-шаралар туралы мәлімдеді. Сонымен қатар, қоғамдық көлік, жаяу жүргіншілер, велосипедшілер және темір тұлпар тізгіндегендер үшін ыңғайлы жол-көлік инфрақұрылымын құру туралы баяндап берді.