Алматыдағы Төле би көшесінен трамвай рельсі түгелдей алынады

19.08.2021 02:15

Құр жатқан темір рельстері әсіресе көлік жүргізушілері үшін ыңғайсыздық тудырып келген еді

Almaty.tv

Алматының Төле би көшесінде бұрынғы трамвайдан қалған рельстер алынып жатыр. Демонтаж жұмыстары 2 шақырымға жуық жерге жүргізіледі. Ескі шойын жолдарды алу не  үшін керек? Жалпы Төле би көшесіндегі құрылыс қашан аяқталады? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін біліп қайтты. 

Қопарылып жатқан бұл шойын жолдармен трамвайлар ең алғаш рет сонау 1937 жылы күзде жүре бастаған еді. Содан бері тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті көлігіне айналғаны рас. Бірақ трамвай жұмысындағы олқылықтар 1995 жылы біліне бастады. Жолдың бірнеше желісі жабылып, бірден 29 шақырымы қысқарған болатын. Ақыры бертін келе трамвай желісі 2015 жылы біржолата тоқтады.

Қазір Төле би бойында трамвай рельстерін алу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мұнда Байтұрсынов пен Әуезов көшелерінің аралығындағы шойын жолдар ғана алынып тасталады. Босқа жатқан темір рельстердің орны түзеліп, асфальт төселеді. Сөйтіп жолдың ені кеңейе түспек.

Яғни көшеде жүріс жолақтары артады. Екі жақтан автобусқа арналған жол түседі. Ал жол ортасына екі бағытты қосқанда төрт жолақ салынады. Жалпы биыл Төле би көшесін Яссауи көшесіне дейін орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Сол жұмыстардың бір бөлігі осы рельстерді алу.

«Қалған Әуезов көшесінен бастап Яссауиға дейінгі аралықтағы рельстер алынбайды. Тек бордюрлармен қоршалып, бұрылатын жолдар белгіленеді. Жалпы көшені жөндеу үш бөлікке бөлінген. Үш мердігер компания бір мезгілде жұмыс істеп жатыр. Құрылыс толығымен қыркүйектің соңында аяқталады», – деді қалалық мобильділік басқармасының бөлім басшысы Нұрзат Ордабаев.

Демонтаж жұмысына 50 адам мен 20 бірлік техника жұмылдырылған. Құр жатқан темір рельстері әсіресе көлік жүргізушілері үшін ыңғайсыздық тудырып келген еді.

БЛИЦ: 

- Алып тастау керек меніңше. Өйткені бүкіл жеңіл көлікке кедергі жасайды. 

- Так как это не используется наверное правильно то что убирают. С одной стороны это история города но в это все таки есть больше плюсов..

- Енді трамвай жоқ, дұрыс алып жатқаны...

Алынған темірлер «Алматыэлектротранс» мекемесінің балансына өтеді. Ал құрылыс аяқталғанша жолдың жартысы жабылып, көлік тізгіншілері бір ғана жолақпен жүре тұруына тура келеді.  

Назкен Еркін, Сағындық Нарықов «Алматы» телеарнасы.