Бүгін Алматыда «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» метробекеттері техникалық іске қосылды. Ұзындығы 3 шақырымнан асатын жаңа стансалар – мегаполистегі екінші желілі бекет. Қазір мұндағы негізгі шаруалар 96 пайызға аяқталған. Атқарылған жұмыстарды қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бақылап, пойыздардың дайындығын өзі тексеріп шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы метрополитені – тек мегаполис үшін ғана емес, республикалық маңызға ие нысан. Оны қаланың батыс бағытына қарай кеңейту мақсатында жаңа бекеттердің құрылысы басталған еді. Қазір міне, көптен күткен қуаныш – екінші желілі «Сарыарқа» мен «Бауыржан Момышұлы» бекеттерінде негізгі жұмыстар бітіп, бүгін тура жаңа жыл қарсаңында бұл стансалар техникалық іске қосылды. Метрополитенде шаруаның жоспарлы түрде жүруін осы уақытқа дейін өзі қадағалап келген қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та маңызды шараның басы-қасында болып, жүзеге асқан жұмысты бақылады.
«Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, қадағалауымен бүгінде стансада жұмыстар аяқталып қалды. Енді келесі жылы наурыз айында халықтың игілігіне қолданысқа береміз. Бұл екі станса қала тұрғындары тығыз орналасқан ауданда бой көтерген. Сондықтан жолаушылар ағыны да көбейеді деген болжам бар»,– деді «Метрополитен» МКК күрделі құрылыс бөлімінің бас инженері Айдар Смаликов.
Электр пойызы Достық бекетінен «Сарыарқа», кейін «Бауыржан Момышұлы» стансаларына дейін жүріп, тексерістен өтті. Бұл ретте мамандар бекетте қауіпсіздік қамтамасыз етілген және пойыз рельстері толық іске қосылған дейді.
«Теміржол, рельс 100 пайыз аяқталды. Солай деп сеніммен айтамын, өйткені бұл әбден сынақтан өткен. Көрші мемлекеттен алынған, солардан еш кем емес, керісінше, артық деп айтуға болады», – деді «Метрополитен» МКК техникалық сарапшысы Жәнібек Қиялбеков.
Бүгінде бұл стансаларда негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары бітіп, автоматтандыру шаруалары жалғасуда. Электр жүйесі жүргізілген. Тек «Сарыарқа» бекетінде 8 эскалатор мен 2 лифт жасақталыпты. Одан бөлек, желдету жүйесі де іске қосылған. Ал сыртқы ауласы Абай даңғылының бойымен 530 метр аумақта абаттандырылыпты.
Өтеген батыр көшесінен бастау алып, Абай даңғылының бойымен Момышұлы көшесіне келіп тірелетін бұл жаңа екі бекеттің ұзындығы 3 шақырымнан асады. Мамандардың айтуынша, қазір мұнда шаруа 96 пайызға аяқталған. Мәселен, бұған дейін мұнда заманауи үлгідегі жарық шамдары мен бейнебақылау камералары болмаған еді. Сондай-ақ қабырғаларда еліміздің флорасы мен фаунасынан сыр шертетін «Сарыарқаның» бай табиғаты ерекше дизайнмен суреттелген.
Ал «Бауыржан Момышұлы» бекетінде 6 жеделсаты мен 15 эскалатор қойылған. Алдағы уақытта бұл стансаны Алтын Орда базарына дейін созу жоспарланып отыр. Бұл қаланың шеткі аймақтарын орталықпен байланыстыруға мүмкіндік береді.
«Нысанды пайдалануға бергенге дейін әлі де атқарылатын шаруалар бар. Жаңа стансаларды интеграциялау үшін әлі де жетілдіретін тұстары бар. Яғни, екі бекетті бұрыннан жұмыс істеп тұрған стансаларға қосамыз», – деді «Метрополитен» МКК күрделі құрылыс қызметінің техникалық бөлім басшысы Мақсат Сейітқұлов.
Жалпы, бүгінде қалада жұмыс істеп тұрған бекеттер күнделікті 40 мыңнан аса тұрғынды тасымалдайды. Ал жаңа екі станса қолданысқа берілген соң, 86 мың жолаушыны межелеген жерге жылдам жеткізетін болады.
«Алматыда 46 жыл тұрамын. Қазір қала гүлденіп келе жатыр. Метро ашылып жатыр. Метроның қасында сауда орталықтары бар, базарлар бар», – дейді қала тұрғыны Раушан Өтешева.
«Бұл шаруа қажырлы еңбекті, қаншама қаржатты қажет етті. Енді «Саяхаттан» үйімізге дейін 5-7 минутта жете аламыз. Бұл керемет қой», – деп қуанышын бөлісті тағы бір тұрғын Бекзат Жуандықов.
«Жаңа стансалар халық үшін өте ыңғайлы. Себебі бұған дейін 3-ші мөлтек ауданның тұрғындарының «Мәскеу» бекетіне дейін жетуі қиын еді», – дейді келесі бір тұрғын Мәди Арыстанбек.
Бүгінде қаладағы метрополитенде барлығы 15 пойыз іске қосылған. Бұған дейін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, Тұңғыш Президент күні мен Алматы метрополитенінің 10 жылдығына орай 8 жаңа электр жылжымалы құрам пайдалануға берілген болатын.
Аяулым Көлжігіт, Жақсылық Тілепберген, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы