Алматыда қараусыз қалған ескі көліктер иелерінің рұқсатынсыз жойылуы мүмкін

13.03.2019 01:40

Қаладағы үй аулалары мен автотұрақтарда иесіз қаңтарылып тұрған машиналар жаппай алынып жатыр

Аlmaty.tv

Алматыда қараусыз қалып, шаң басқан көліктерге орын жоқ. Қаладағы үй аулалары мен автотұрақтарда иесіз қаңтарылып тұрған машиналар жаппай алынып жатыр. Қаңсып, шіри бастаған темір тұлпарлар шаһар көркін құртып қана қоймай, қоршаған ортаға да айтарлықтай зиянын тигізіп жатыр екен. Олардың енді қайда жөнелтілетінін Almaty.tv тілшісі Айдана Мейрамбайқызы біліп көрді.  

Алматының тәртіп сақшылары бүгін қаланың әр бұрышын сүзіп, аулаларда қаңтарылып тұрған иесіз көліктерді жинай бастады. Полицейлердің назарын шаңнан көз ашпай, шіри бастаған машиналар аударды. Мәселен, көпқабатты үй аулаларының бірінде қаңтарылып тұрған мүлкі жайында қожайыны мүлдем ұмытқан сынды. Темір тұлпардың сәні кетіп, әбден тозығы жеткен. Сақшылар шағын автобусты иесіз деп танып, бірден эвакуаторға тиеді.

Қаланың әр бұрышында қараусыз қалған көліктер Көкжиектегі айыптұрағына жеткізілуде. Тәртіп сақшылары таңнан бері мұнда 15 машинаны тиеп әкелді. Олардың дені әбден тозығы жетіп, шіруге таяған.

Тексеріс кезінде Ресейде тіркелген жеңіл көлік те анықталды. Тұраққа ол машинаны өткен күзде белгісіз үш жігіт әкеліп қойған екен. Учаскелік полицейлер машинаның содан бері есік-терезесі ашық күйінде, қаңтарылып тұрғанын байқаған. Бірақ қожайыны төбе көрсетер деген үмітпен мүлікті айыптұрағына жөнелтпеген еді. Енді бұдан былай қараусыз қалып, қаңси бастаған көліктерге қалада орын жоқ.

«Қалалық абаттандыру ережесінің 16-шы пунктіне сәйкес, қаланың көркін бұзатын бөлшектелген автокөліктерді қалдыруға тыйым салынған. Ондай көліктер арнайы тұрақтарда емес, қаланың көшесінде, ауласында тұрмауы керек. Сондықтан осы деректерге төтеп беру мақсатында «Иесіз автокөлік» атты шара қолға алынды. Автокөліктердің иелері табылған жағдайда оларға айыппұл тағылады. Содан соң автокөлігі иесіне қайтарылып беріледі. Ол кезде міндетті түрде түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, яғни автокөлікті алып кетіп, қайтадан сол аулаға қоймауды өтінеміз», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Полицейлер осы аптаның соңына дейін Алматыны иесіз, ескі машинадан түгелдей арылтпақ. Мұндай тот басқан көліктер қала көркін құртып қана қоймай, автотұрақтарда орын тапшылығын тудырып жатқан көрінеді. Ал экологтар олардан келер қауіп көп деп дабыл қағуда. Сарапшылардың сөзінше, қазір Алматыда жүрген темір тұлпарлардың 90 пайызы жеңіл көлік болса, оның 17 пайызы әбден ескірген. Және сол тозығы жеткендердің бір бөлігі аулаларда қараусыз бос тұр.

«Ескіріп, қаңтарылып тұрған көліктер қаланың эстетикалық көркін ғана бұзбайды. Қоршаған ортаға айтарлықтай қауіп төндіреді. Егер машинада бензиннің немесе майдың қалдықтары қалса, олар улы зат бөлуі мүмкін. Сондай-ақ, өрт қаупін тудырады. Иесіз көліктер қалада көбінесе үй аулаларында тұр. Егер тілсіз жау шықса, ең бірінші сол маңдағы үйлерге немесе ағаштарға зияны тиюі мүмкін. Әсіресе, ойнап жүрген балаларға қатерлі. Сондықтан мұндай машиналардың көзін жою қажет», – дейді көлік саласының сарапшысы Елена ЕРЗАКОВИЧ.

Айта кетсек, іргелес Ресейдің құзырлылары мұндай иесіз көлікті анықтаса, 1 ай ішінде машинаны өзге жерге қою туралы ескерту қалдырады. Ал бұл аралықта темір тұлпар орнынан қозғалмай сол күйінде тұрса, оны бірден айып тұрағына жөнелтеді. Егер тағы 3 ай ішінде көліктің иесі табылмаса, машина утилизацияға жіберіледі. Қазір тек бір Мәскеудің өзінде қараусыз қалған 5000 көлік бар екен. Ал Алматыда иесіз машиналардың нақты саны қазір есептеліп жатыр. Санақ біткен соң қала мәслихаты мұндай көліктерді Ресей тәжірибесі негізінде жою туралы шешім шығаруы мүмкін.

Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы