Кеңжолақты күрежол мегаполис көшелеріндегі көлік легінің 60 пайызға дейін азаюына септігін тигізбек
Үлкен Алматы айналма тасжолы алдағы 2022 жылдың соңында аяқталуы мүмкін. Жобаға жауапты мамандар осындай болжам жасады. Күрделі құрылыс мемлекеттік жекеменшік серіктестік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы – тоғыз жолдың торабы. Сондықтан жобаның мақсаты – осы шаһарды айналып өтетін жоғары технологиялы жол салу. Жол құрылысының бейнесі таға іспеттес. Осылайша, жүк көліктері Алматының ішіне кірмей қала сыртын айналып өтеді. Кеңжолақты күрежол жұмыстарына 1 мыңнан астам жұмысшы мен 300-ге жуық техника бірлігі тартылған.
Үлкен Алматы айналма тасжолы пайдалануға берілсе, оның қала халқы үшін тиімді тұсы көп. Біріншіден, мегаполис көшелеріндегі көлік легі 60 пайызға дейін азаяды деп болжам жасалып отыр. Ал екінші бір тұсы, осы күрделі жоба аясында қаладағы Тілендиев көшесі мен Солтүстік айналма тасжолы қала шегіне дейін ұзартылады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегілер мәлімдеді. Ресми өкілдіктің хабарлауынша, Тілендиев көшесін Алматы облысына дейін тоғыз шақырымға, ал солтүстік айналма тасжолын 1,2 шақырымға дейін ұзарту жоспарда бар.
«Үлкен Алматы айналма тасжолына мегаполистен 6 көше келіп қосылады. Соның бірі Тілендиев көшесі мен Солтүстік айналма тасжолы. Бұл жолдарды ұзартудың сметалық құжаттары 2022 жылы дайын болмақ. Сондай-ақ, тек жолды ұзартып қана қоймай, ол жерлерге айналма көпір де салу қарастырылуда», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму минстрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр.
Талғар, Іле, Қарасай аудандарын басып өтетін Алматының үлкен айналма жолының құны – 150 млрд теңге. Күрежол мемлекет қаржысына емес, жекеменшік серіктестік аясында шетелдік компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылуда. Жол құрылысының инвесторы – түрік-корей консорциумы. Құрылыс компаниялары жолға салған өз қаржысын 15 жылда қайтарып алмақшы. Сондықтан Алматының ішіне кірмей қала сыртын айналып өтетін жол ақылы болады. Жүк көліктері үшін баға 390 теңге болып бекітілген.
«Биыл біз үшін табысты жыл болды. Қазір 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс жүріп жатыр. Мұнда түрлі мақсаттағы ірілі-ұсақты 42 көпір, үлкен 8 жолайрық салынады. Қазір жұмыстың 50 пайызы аяқталды. Алдағы жылдың соңына қарай, көлік қозғалысын ашамыз деп жоспарлап отырмыз», – деді Үлкен Алматы айналма тасжолы жобасы жетекшісінің міндетін атқарушы Гюнай Гёкальп.
Айта кетейік, 2009 жылы қолға алынған бұл жобаның құрылысы түрлі кедергілерге байланысты кешеуілдеп келген еді. Ең алдымен, құрылыс жүретін аумақтардағы 570 жер телімі мен жеке үйлерді және өндірістік нысандарды мемлекет меншігіне қайтару ұзаққа созылған. Жобаға жауаптылардың айтуынша, қазір құрылыс жұмыстарына ешқандай кедергі жоқ.
Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы