Көпірдің уақытылы пайдалануға берілмеген себебі - ол жерде жанармай бекеттерінің орналасуынан
Бұл туралы Алматы облыстық «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының директоры Нұрхат Ақылтаев жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көпір құрылысының тоқтап қалуына екі жанармай бекетінің ретсіз орналасуы себеп. Жеке меншік серіктестік болып саналған бұл бекеттерді мемлекет толығымен сатып алған. Билік меншігіне өткен орындар енді жақын арада сүрілетін болады. Яғни құрылысты жалғастыруға ешқандай кедергі жоқ.
«Алтын Орда базары маңында орналасқан көпір 2019 жылы көпшілікке пайдалануға берілуі керек еді. Десе де, құрылыс жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Көпірдің уақытылы пайдалануға берілмеген себебі - ол жерде жанармай бекеттерінің орналасуы. Қазір олар толығымен жұмыстарын тоқтатқан. Мамандардың айтуынша, көпірдің құрылыс жұмыстары биыл жылдың аяғына дейін жүргізіліп, алдағы жылы пайдалануға беріледі деп күтілде.
Көпір пайдалуға берілсе, «Алтын Орда» базарына дейінгі жолдағы көлік кептелісі шешілер еді дейді жүргізушілер. Әсіресе кешке таңертен базардың алдында бақандай үш сағатымыз жолға кетеді дейді.
«Күнде 2-3 сағаттап тығында тұрады, үнемі таңертең және кешкісін солай», - деді бір жүргізуші.
«Көлік тығынынан бәрі шарашады. Жұмыс күндері ғана емес, демалыста да тыным жоқ», - деді келесі бірі.
«Қазір күндіз байқалып тұрған жоқ. Кешкісін 5 жолақ көлікке толып тұрады. Осында тұрып жатқаныма 18 жыл болды», - деді тағы бір жүргізуші.
Көпірдің жобасы аса күрделі. Құрылыс жұмысы ақпан айында жалғасатын жер үсті өткелі алдағы уақытта 10 жолақты болмақ. Жауаптылар биылғы жұмыс қарқынын белсенді жүргіземіз дейді.
«Жоба аясында 550 метрді құрайтын 4 жолақты қозғалысты қамтамасыз ететін жол айрығы және жүргіншілерге арналған 1 жерүсті көпірінің құрылысы қарастырылған. Бүгінде эстакада құрылысының 78%, ал басты магистраль арқылы өтетін құрылыстың 35% аяқталды. Сондай-ақ, Ақсай өзені арқылы өтетін көпірдегі жұмыстар 90%, ал жүргіншілерге арналған жерүсті өтпелерінің 30% салынып бітті», - деді Алматы облыстық «Қазавтожол» ұлттық компаниясының директоры Нұрхат АҚЫЛТАЕВ.
Еске сала кетейік, көпір «Алматы- Бішкек» тас жолының бір бөлігі. Пайдалануға берілгеннен кейін «Алтын Орда» базарына дейінгі жолдағы көлік кептелісі азаяды дейді мамандар. Қоғамдық, жергілікті және транзиттік көліктер үшін 2 бағытта 5 жолаққа ұлғайтылады.
Ұлағат Арғынұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы