Мамандар оны ресми түрде 15 маусымда ашуды жоспарлап отыр
Үлкен Алматы айналма жолы маусым айының ортасында қолданысқа беріледі. Бұл туралы жауапты министрлік өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Құрылысы 2 жыл бұрын басталған Үлкен Алматы айналма жолы қолданысқа дайын. Мамандар оны ресми түрде 15 маусымда ашуды жоспарлап отыр. Ендігі басты мәселе – ақылы жолдың құны. Оның ақысы айлық есептік көрсеткіштің көлеміне қарай құбылып, жылда өсе беруі мүмкін. Автомобиль жолдары комитетінің өкілінің айтуынша, әзірге белгіленген баға қалтаға қонымды. Ал берешекті еш өсімсіз 7 күн ішінде өтеуге болады. Жергілікті халық үшін тиімді шарттар қарастырылған.
– Бізде 6 санатты техника, көлік болады. Біріншіден, жеңіл көліктің 1 сағат ішінде кіріп-шығу құны – 242 теңге. Енді бұл жерде жергілікті тұрғындарға арналған абонентік төлем 1700 теңге төлеу арқылы 1 ай бойы жүре алады. Біздің мақсат – инвестор қаражатын осы ақылы жүйе арқылы қайтару, – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр.
Үлкен Алматы айналма жолына кіретін 7 нүкте белгіленді. Онда шетелдік компания интеллектуалды көліктік жүйе орнатқан. Ол темір тұлпарлардың категориясын анықтап, базаға тіркеп отырады. Жобаға ірі инвесторлар мен 3 халықаралық институт қомақты қаржы құйған. Жауапты мердігер мекеме 16 жыл бойы жолды күтіп баптаумен айналысады.
– Жылдамдығы – 140 шақырым. Енді полиция 120 шақырымға дейін төмендетуді талап етіп тұр. Қауіпсіздікті зерттеу, талдау жұмыстарына қарағанда көлік жылдамдығы 130-дан асса, жол оқиғасы көбейіп кетеді. Қазір көлік жылдамдығын сағатына 120 шақырыммен шектеу туралы ұсыныс түсіп жатыр, – деді Мердігер мекеменің пайдалану және техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұрланбек Өмірбаев.
Айта кетейік, көліктердің жолдан өткені туралы ақпарат базада 3 жыл бойы сақталады. Қосымша сұрақ туындаса, 1244 қысқа нөміріне хабарласып, ақпарат алуға болады.
Жадыра Омаржан, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы