«Жол-көлік оқиғасы жиілеген». Техникалық байқау орталықтары талапқа сай ма

28.05.2020 01:44

Көлігін тексеруге апарған жүргізушілер орталық қызметкерлерінен нені талап етуі тиіс?

egemen.kz

Техникалық байқау орталықтарына бақылауды күшейту керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Техникалық мүмкіндігі төмен темір тұлпарларға ақысын төлесең болды, оңды-солды жүргізу қағазын жазып беретіндер көбейді дейді мамандар. Себебі осының кесірінен жол-көлік оқиғасы жиілеген. Көлігін тексеруге апарған жүргізушілер орталық қызметкерлерінен нені талап етуі тиіс?

Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың сөзінше,  соңғы кезде техникалық байқау дегенге жүргізушілер ат үсті қарай бастады дейді. Соның кесірінен үйде жатып-ақ ақшасын төлеп, көлігіңіздің суретін жіберсеңіз болды, орталық базаға енгізе қоятындар көбейген.

«Олар өз техникалық байқау орталықтарына қандайда бір арнайы бағдарламалар қойдырып, қажетті құралдарды орнатумен бас ауырттып жатқан жоқ.  Былайша айтқанда құжаттарды қолдан жасаумен айналысып жүр. Оларды қылмыстық жауапкершілікке тартып, қатаң түрде жазалау керек. Біз осылай ғана ескіріп бара жатқан көліктердің техникалық мүмкіндіктерін қадағалап отыра аламыз», – деді Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард ЭДОКОВ.

Біздің түсіру тобымызда қаладағы бірнеше орталықтарды аралап, расымен де, көлікті тексермей-ақ техникалық байқаудан өтуге болатынына көз жеткізді. Темір тұлпарыңызды суретке түсіріп, дереу орталық базаға енгізіп беретіндердің көбінде арнайы тексеру құрылғыларының жоқтығы байқалды.

Қаладағы техникалық орталықтардың бірінің басшысы Әсет Еркіновтың сөзінше тиісті ақысын төлеген соң қызметкерлер көлігіңізді толық тексеріп беруге міндетті. Ал, жүргізушілер олқылық шықса, орнына келтіріп кем-кетігін түзеп отыруы тиіс. Техникалық тексерудегі негізгі мақсат та осы.  

Мамандардың сөзінше, техникалық байқау орталықтарының көбейгені дұрыс. Біріншіден, бәсекелестік болады. Ал, нәтижесінде сапа артады, екінші баға төмендесе жүргізушілер қалтасына салмақ түсірмейді. Сарапшылардың пікірінше, құзырлы орган өкілдері мұндай жұмыстарды тексеріп, жауапқа тартқаны дұрыс деген пікірде. Ал, бармақ басты жойылмай, кемшілікті байқау мүмкін болмайды.

Қуан Нұрақын, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы