30 млрд теңге автобустық паркті жаңартуға бағытталатыны айтылды
Үкімет утилизациялық алым көлемін 50 пайызға азайтты. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді. Енді елімізде бұл мөлшерлеме автокөліктің барлық түріне, яғни, жеңіл көліктер мен ауыл шаруашылығы техникалары үшін де қолданылады. Сондай-ақ Роман Скляр автосалондардағы көлік тапшылығына әлемдегі микросхема себеп екенін алға тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жасыл Дамудағы» 100 млрд теңге жеңілдетілген автонесие беруге бағытталатын болады. Осылай деген Роман Скляр несиенің жылдық мөлшерлемесі 4 пайыз, бастапқы жарна қажет етілмейді деді. Несие жеті жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл бағдарламамен еліміздің 71 мың азаматы көлік алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ 30 млрд теңге автобустық паркті жаңартуға бағытталатыны айтылды.
«Шешім қабылданды. Автоөнеркәсіпті ынталандыру деңгейі бізге автокөліктің барлық түрі мен өндірілетін ауылшаруашылық техникаларына салынатын утилизациялық алым мөлшерлемесін 50 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Ал «Жасыл Даму» шотындағы 200 миллиард теңгеден астам қаржы халық игілігіне жаратылуы қажет», - деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.
«Утильалым алдымен отандық көлік нарығын тозығы жеткен темір тұлпарлармен толтырмауға мүмкіндік береді» деген ұстаныммен сөз алған мамандар көліктің кәдеге жарау ақысының 50 пайызға дейін төмендегені едәуір жеңілдік деп отыр. Оның үстіне ең бастысы, нарықта сапа болады дейді.
«Халыққа үлкен пайда болады. Біріншіден, 100 миллиард теңге көлемінде халыққа автокөлікке, яғни бюджеттік көліктерге несие беріледі. Екіншіден, нарықтағы ескі көліктерді сатып алып, жаңа көліктерді енгізу үшін көмек болады деп ойлаймыз», - дейді Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының стратегиялық даму жөніндегі директоры Дархан Айдаулов.
Ал шарушалық техникалар мен отандық көліктерді сатып келетін отандық компанияның мамандары утильалым шетелдік тәжірибеде бұрыннан бар дейді. Оның үстіне, елімізде жиналатын көліктер халыққа қолжетімді болуы үшін жоғарыда аталған шектеулер алынып тасталғанын айтады.
Утильалым ақысы жартылай жеңілдесе де, отандық көліктердің бағасына тікелей әсер етпейді дейді мамандар. Өйткені Үкімет отандық көліктер мен шаруашылық техникаларды тұтынушыларды салықтан, сондай-ақ утильалымнан босатқан екен.
«Әрине, әсер етеді. Яғни шетелден келетін көліктердің бағасының төмендеуіне септігін әсер етеді. Ал біздің шағырып жатқан «КАМаздар», отандық көліктер, тракторлар оның ішіне кірмейді. Мысалы бізге зауыттан кузов келеді. Қалғанын өзіміз жинаймыз», - дейді автоөндіруші компанияның директоры Ермек Ескергенов.
Отандық көлік нарығы тозған техникаларға толмас үшін, сүзгі ретінде алынатын алым экологияға да тиімді деп отыр министр. Ал бұл тұста мамандар жаңа көлік, еуростандартқа сай қозғалтқыштар ауаға газ қышқылын аз бөледі деп растап отыр.
Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы