Соңғы екі жылда 90-нан астам студент мамандығын практика жүзінде игеріп шыққан
Жол саласында инженерлер, геодезистер мен зертханашылар жетіспейді. Бұл тапшылықтың орнын толтыру үшін қазір қала кәсіпорындары жас мамандарды өндірістік тәжірибеден өткізу жұмыстарын арттырған. Мәселен, еліміздің әр өңіріндегі Жол активтерінің Ұлттық сапа орталықтарынан соңғы екі жылда 90-нан астам студент мамандығын практика жүзінде игеріп шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл диплом алатын Ерқанат Түймебай келешекте еңбек ететін жұмыс орнын анықтап, өзін қай саладан көретінін түсініп қойған. Ол қалалық жол активтерінің ұлттық сапа орталығында үш жыл қатарынан тәжірибеден өтіп, мұндағы жұмыстың қыр-сырын игеріп үлгерген. Дап-дайын болашақ инженер.
«Жалпы ауылдық жерлерде, еліміздің өңірлерінде жолдың сапасы нашар. Сондықтан да мен осы жол саласын таңдаймын деп бел будым. Осы жол саласы арқылы еліміздің дамуына өзімнің азаматтық үлесімді қосқым келді», - деді Л. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтының 4-курс студенті Ерқанат Түймебай.
Ерқанат секілді жол құрылысына қызығатын жас көп. Асфальттың құрамын, сапасын зерттеу қызық. Сол себепті орталықта жастар практикасы дұрыс жолға қойылған.
Мамандар қазір жол саласында инженерлер, геодезистер, лаборанттар мен жобалаушылар жетіспейді дейді. Сондықтан да дәл осы орталықта жас студенттерге іс-тәжірибеден өтуге барлық мүмкіндік қарастырылған.
Орталық жас мамандарды даярлауды, салаға қызықтыруды 9 бен 11-сынып оқушыларынан бастайды. Оларды техникалық кәсіпке баулу мақсатында былтыр 1400-ге жуық мектептің балаларымен түрлі экскурсиялық жұмыс ұйымдастырылыпты. Бұдан өзге, жоғары оқу орын студенттеріне жазғы демалыс уақытында ақылы іс-тәжірибеден өту мүмкіндігі бар.
«Президент өз сөзінде 2025 жылға қарай ел аумағында техникалық жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу керек екенін айтты. Бұл жастардың сапалы білім алуына, қолжетімді болуына өте жақсы мүмкіндік деп ойлаймын», - дейді қалалық «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» директорының міндетін атқарушы Гаухар Атанчинова.
Жалпы жол активтерінің Ұлттық сапа орталығында еліміз бойынша соңғы екі жылда 92 студент ақылы тәжірибеден өткен. Соның 4-еуі Алматы қаласына тиесілі.
Назкен Еркін, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы