Талдықорған-Өскемен дәлізіндегі жолды қайта жөндеу жұмысы осыдан 3 жыл бұрын басталған
Келесі жылдан бастап алматылықтар Алакөлге дейін айналма жолдарсыз, тікелей қатынай алады. Бүгінде Талдықорғаннан Үш арал көлік дәлізіне дейінгі аралықтағы жөндеу жұмыстары 80 пайызға жуығы аяқталған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт баяндайды.
Талдықорған-Өскемен дәлізіндегі жолды қайта жөндеу жұмысы осыдан 3 жыл бұрын басталған еді. Алматы облысында басты тас жолдардың бірі саналатын бұл аймақ соңғы рет 60 жылдары жөнделіпті. Бүгінде шаруа 80%-ға аяқталып отыр. «Қазавтожолдың» мәлімдеуінше, толық шаруа келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
«Жалпы ұзындығы 313 шақырым. Қайта жаңарту жұмыстары 2018-2023 жылдарға есептелінген. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс алаңы 5 учаскеге бөлінген. Әр учаскеде мердігер компания құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрхат Ақылтаев.
Жалпы елде ақылы тас жолдар 2013 жылы іске қосылған. Бүгінде олардың саны төртеу. Атап айтқанда, «Нұр-Сұлтан - Щучинск», «Нұр-Сұлтан - Теміртау», «Алматы - Қорғас», «Алматы - Қапшагай» тас жолдары. Тек ең соңғысының күтімі мен жөндеу жұмыстарына былтыр 38 миллиардтан аса қаржы бөлінген. Ал, өту ақысы тек көліктің жүріп өткен қашықтығына қарай есептеледі. Мәселен, Алматыдан Қапшағайға дейінгі 42 шақырымдық аумаққа жүргізушілер 200 теңге төлеуі керек.
«Мен Бақанастан келе жатырмын. Таңертең өттім бүгін, қазір келе жатырмын. Қапшағайға қарай және ол жақтан бері қарай 400 теңгеге барып келеміз», – деді жүргізуші Бекжан Әбдірахманов.
Одан бөлек, елде жолдарды қайта жөндеумен қатар, күре жол бойында заманауи кешендерді салу да дамып келеді. Бүгінде Алматы облысы бойынша барлығы 264 сервистік нысан іске қосылған. Онда жанармай бекетінен бөлек, жүргізушілерге арналған намазхана, дүкен, сондай-ақ асханалар орнатылған. Алдағы 5 жылда тағы осындай 5 нысан салынбақ.
Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы