Теміржол билетінің алыпсатарлары 1 млн 300 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін

17.01.2020 17:31

2019-2020 жылдары шамамен 85 вагонды жаңарту жоспарланған. Бір вагонды жаңартуға шамамен 100 млн теңге қаржы кетеді

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті Теміржол көлігіндегі бақылау басқармасының басшысы Елдос Нестай мәлімдеді. Оның сөзінше, қазіргі таңда теміржол билеттерін сату, қайта сату фактілері бойынша тиісті шаралар күшейтілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұдан бөлек, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне теміржол көлігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жаңашылдықтары түсіндірілді.

«Қазіргі таңда теміржолда жолаушылар тасымалдау шығыстары мемлекеттік бюджет тарапынан субсидияланады. Бұл – вагондарды жалға алу, күтіп ұстау, сатып алу, вокзал шаруашылығы, локомативтік тарту және магистралдық желі қызметтері. Шығыстың басқа бір бөлігін «Қазақстан теміржолы« жүк тасымалы кірістері есебінен көрсетілетін қызметтерге төмен тариф белгілеу арқылы жабады. Бұл ішкі кросс субсидиялау деп аталады. Аталған сызбада ақша ағымдарының бір орталыққа бағынуы және ашықтығы жоқ еді», – деді ҚР ИДМ Көлік комитетінің теміржол көлігіндегі бақылау басқармасының басшысы Елдос НЕСТАЙ.

Баспасөз отырысында қазақстандық теміржол вагондары неліктен шетелдік кәсіпорындарда жөнделетіні айтылды. 2019-2020 жылдары шамамен 85 вагонды жаңарту жоспарланған. Бір вагонды жаңартуға шамамен 100 млн теңге қаржы кетеді. Ал жаңа вагонның құны 400 млн теңгеден асып жығылады.

«Қазақстанда отандық вагон жасау зауыты бар болғанымен, оның шамасы жетпейді. Сондықтан бізге постсоветтік кеңістікте Ресей, Украина және Беларусь зауыттары қызмет көрсетеді. Еліміздегі үш компанияның ең ірісі – Алматы вагон жөндеу зауыты. Бірақ олардың шамасы жетпейді. Себебі мәселе вагондардың сапасын түбегейлі жақсарту жайында болып отыр», – деді  «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директорының орынбасары Асылхан ҚАЛДЫКӨЗОВ.