Зерендіні курорттық аймаққа айналдыру қолға алынды

BNews.kz
BNews.kz
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысындағы Зеренді демалыс аймағы енді Бурабай курортты аймағы секілді қарқынды дамитын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірде туризмді өркендетудің жол картасы әзірленді. Жалпы құны 28 млрд теңге болатын жобаның аясында жол жөндеу, кәріз құбырларын тарту, демалыс орындарын салу секілді 58 іс-шара қарастырылған.

Зеренді – Бурабай секілді аты әлемге әйгілі болмаса да, табиғаты көркем, тынығуға жайлы, жанында көлі мен тауы бар шағын ғана демалыс аймағы. Қазір мұнда 30 шақты туристік нысан бар. Олардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Кәсіпкер Ақмарал Омарова Зерендіні жаны сүйеді. Оның айтуынша, бұл жердің ауасының өзі ерекше. Тылсым табиғаты адамды өзіне еріксіз баурап алады. Қазір олар жазғы маусымға қызу дайындық үстінде. Ал келушілердің көңілінен шығу үшін 9 бірдей ағаш үй тұрғызылған.

«Біздің бар мақсат-міндетіміз – келушілердің ерекше демалуына жағдай жасау. Ол үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз. Ал мемлекет тарапынан тиісті инфрақұрылым жасалса дейміз»,– дейді кәсіпкер Ақмарал Омарова.

«Тиісті инфрақұрылым жасалады», – дейді салаға жауапты мамандар. Яғни жаңа жобаның шеңберінде Зерендінің маңайындағы жолдардың барлығы тегістеліп, кәріз жүйесі тартылады. Ең бастысы, Зерендіден ары Солтүстік Қазақстан облысының Имантау және Айыртау демалыс аймақтарына қарай жаңа жол салынбақ. Облыс әкімінің орынбасары Марат Иғалидің айтуынша,  «Ауыл – ел бесігі» деген бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен Зерендіге 1 млрд 300 млн теңге бөлінбек. 

«Жол болса, Ресей жақтан келетін туристер саны 2 есеге өседі. Жаңа жобаның ішінде тек жол жөндеу ғана емес, туристерді қызықтыратын түрлі бағдарламалар да әзірленген»,–дейді Марат Иғали.

Зеренді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Күлия Бексұлтанованың айтуынша, өңірде қазір бірнеше туристік бағыт әзірленуде. Мәселен, саяхатшылар Исаковка ауылдық округіне қарасты Әулиебұлаққа, одан әрі Әулиетасқа бара алады. Үлгілі ауылының маңындағы сарқырама да келушілерді қызықтырмай қоймайды. Яғни, туристердің тек Зерендінің өзіне ғана келіп-кетпей, маңайдағы барлық көрікті және киелі жерлерді аралауға мүмкіндігі бар. Зеренді облыс орталығы Көкшетау қаласынан 45 шақырым жерде ғана орналасқандықтан, қала тұрғындарының жартысынан астамы тынығу үшін Зерендіні таңдайды екен. Одан бөлек, ресейлік туристер де көптеп келеді.      




Новости партнеров