Алматыда 20-21 сәуірде «Туризм және саяхат» - «KITF» XX Қазақстандық халықаралық көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
KITF көрмесі Орталық Азиядағы B2B ірі салалық іс-шара болып табылады, оның көрсеткіштері жылдан жылға артып келеді. Биыл көрмеге әлемнің 18 елінен 211 компания қатысады (Әзірбайжан, Беларусь, Германия, Грузия, Үндістан, Индонезия, Италия, Испания, Қазақстан, Малайзия, БАӘ, Польша, Словения, Таиланд, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Жапония). Жоба үшін мерейтойлық жылы Antaal Life, EcoPark Tour, KOMPAS Touroperator, SCAT, AIR ASTANA, Қазтур, Тrip to the KZ және басқа да көптеген компаниялар өздерінің қатысатынын мәлімдеді.
KITF көрмесіне қатысу жақын орналасқан елдердің туристік компаниялары және турагенттіктері үшін перспективалы шешім болып табылады. Қазақстанмен визасыз режим, географиялық жақындық және тілдік кедергінің болмауы көрші елдердегі компаниялардың қатысуы үшін объективті себептер болуы мүмкін. Көрме шеңберінде ауқымды іскерлік бағдарлама өтеді, оның іс-шаралары өзекті салалық мәселелерді тікелей келіссөздер, нетворкинг және кәсіби тәжірибе алмасу форматында талқылауға көмектеседі.
«Алматы – Қазақстанның ең ірі мегаполисі және келген шетелдік туристер саны бойынша абсолюттік көшбасшы. Қала іскерлік, экологиялық, мәдени-этнографиялық, тау шаңғысы туризмін, сондай-ақ отбасылық демалысты дамыту үшін үлкен мүмкіндіктерге ие. Қазақстанға келген әрбір екінші шетелдік туристің Алматыға келетінін айта кету керек. Өткен жылы туристер саны 65%-ға өсіп, 1,2 млн туристке жетті, бұл республикалық көрсеткіштің бестен бір бөлігі - 5,4 млн адам. 2025 жылға қарай 2,3 млн.турист тартуды жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Сабина Амангелді.
2021 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласында туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі 27,9 млрд теңге, бұл 2020 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 66%-ға артық. Туризм саласына инвестиция көлемі 46,3% өсіммен 100,7 млрд теңге болды.