Алматыда құтқару үйшіктері вандализмнен кейін қалпына келтірілді

11.10.2023 17:09

Кез-келген адам үйшікті тегін пайдалана алады

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы қаласының туризм басқармасы демеушілік қолдауымен «Лунная поляна» құтқару үйшігінде жөндеу жұмыстарын жүргізді, оның барысында есік, терезе, жатын орын және үйшік қабырғалары қалпына келтірілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бүгінде нысан одан әрі пайдалануға толық дайын.

Биыл жазда үйшікті вандалдар бұзып, күйретіп кеткен. Құтқару үйшігінің болаттан жасалған есігі бүлініп, терезе сынған, қабырғалары майысқан, төсек орны өртенген. 

Алматы тауларында теңіз деңгейінен 2500 м биіктікте орналасқан «Лунная поляна» құтқару үйшіктері ауа-райынан пана, адасқан туристер үшін түнеу орны және қиын жағдайларда көмек күту орны ретінде қызмет етеді.

Таулардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар аясында соңғы бірнеше жылда қалалық Туризм басқармасы таулы жерлердің шалғай учаскелерінде 18 тау үйшігін орнатты. Олардың орны 2GIS қосымшасында белгіленген. Құтқару нысандары күн панельдерімен және барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар ішінде алғашқы медициналық көмек жинағы бар. 

Кез-келген адам үйшікті тегін пайдалана алады, алайда қауіпсіздігі туристердің өзіне байланысты екенін еске салады.

Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа кемпинг-аймағы ашылды