Маңғыстауда туризмді дамытуға мүмкіндік мол

07.11.2022 18:46

Мемлекет басшысының айтуынша, Маңғыстау көптеген киелі орындарымен әйгілі

el.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау жұртшылығымен кездесуде аймақтағы туризмді дамыту мәселесін көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Аймақтағы туризмді дамыту қажет. Қазір бүкіл әлемде туризм экономиканың маңызды саласына айналды. Біз де еліміздің туризм индустриясын дамытуға баса мән беріп отырмыз. Бұл ретте, Маңғыстаудың алатын орны айрықша. Оның ең ұтымды тұсы – Каспий теңізінің жағасында орналасуы. Соның арқасында жағажай туризмін дамытуға мол мүмкіндік бар. Ақтауда іске асырылып жатқан «Жылы жағажай» инфрақұрылымды дамыту жобасы аяқталып келеді. Үкімет туризм саласындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруы керек. Каспий жағалауындағы мемлекеттермен бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырған жөн. Әсіресе, круиз туризмін дамыту қызығушылық тудырады деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Маңғыстау көптеген киелі орындарымен әйгілі. Бекет ата, Шопан ата, Шақпақ ата жерасты мешіттерін ерекше атап өтуге болады.

«Тарихи-мәдени қорықтар мен музейлерге де баса мән берген жөн. Әсіресе, төл мәдениетімізде ерекше орны бар Мұрын жыраудың және Серікбол Қондыбайдың мұражайы назардан тыс қалмауы керек. «Арғықазақ мифологиясы» атты төрт томдық іргелі жұмыстың авторы Серікбол Қондыбай артына орасан зор ғылыми мұра қалдырды. Оның еңбектері ұлттық деңгейде дәріптелуі керек деп санаймын. Тарас Шевченконың мемориалды музейі де – шетелдік туристердің қызығушылығын туғызатын нысан», - дейді ол.

Жалпы, өңірлік туризмді дамыту қысқа уақытта жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімін арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл – әлемдік тәжірибе.

«Көбіне оны бизнестің өзі іске асырады. Жергілікті билік тек оларға кедергі болмай, жағдай жасауға тиіс. Маңғыстаудың өсімдік және жануарлар әлемі де ерекше. Каспий итбалығы мен қызғылт қоқиқаздар осы өңірдің символына айналды. Сондықтан, туризмді дамытумен бірге, біз өңірдің аң-құсын және экожүйесіндегі тепе-теңдікті сақтау мәселесін айрықша назарда ұстауымыз керек», - деді Мемлекет басшысы.