Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы трансшекаралық жол қайта жанданды

gov.kz
gov.kz
Көрші елге дейін баратын жолдың ұзақтығы шамамен 25 шақырым болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы трансшекаралық жол араға 13 жыл салып қайта жанданды. Енді еліміздің тұмса табиғатын тамашалауға келетіндер саны бұрынғыдан да арта түспек. Екі жақтың туризм саласын дамыту мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мамыр айында Қырғызстанға барған ресми сапары аясында көтерілген еді. Арада көп уақыт өтпей, жоспар жүзеге асты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Туристердің делегациясы алғаш рет Қазақстаннан Қырғызстан шекарасына Көлсай арқылы өтеді. Құрамында екі елдің туризм индустриясы комитетінің басшылығы мен әуесқой эко-туристер бар. Көрші елге дейін баратын жолдың ұзақтығы шамамен 25 шақырым болады. Бұл қашықтықты саяхатшылар жаяу, тау-тасты аралап жүріп еңсереді. Ол үшін жолға қажеттінің бәрін қамдап алған.

«Мен бұл трансшекаралық жолмен алғаш жүріп Қырғыстанға өткелі тұрмын. Әрине, қобалжу басым. Шамамен 25 шақырым жолды 3 күн жүріп өтеміз деп жоспарлап отырмыз. Тау бөктерінде қонып, жолда тамақтанамыз. Екі елдің бұл шекараны ашқанына қуаныштымын. Бұл тек туризм саласын ғана емес, екі жақтың сауда-экономикалық бағытына да оң өзгеріс әкеледі деп сенеміз», - деп пікірін бөлісті турист Марина Кадникова.

Бұған дейін бұл трансшекаралық жол екі елдің саяси келісімдеріне байланысты 2009 жылы жабылған болатын. Салдарынан қазақстандықтар Қырғыстанға Нарынқол ауданының Кеген ауылы арқылы шығып жүрді. Көрші елге барар жалғыз шекарада кептеліс көп әрі тексеріс ұзақ екенін айтып көпшілік шағымданған еді.

Енді қазақстандықтар мен туристер Ыстықкөлге бару үшін Қырғызстанға Көлсай арқылы өте алады. Бұл әлдеқайда төте жол. Уақыт үнемдейді, әрі осындай керемет табиғаттың куәсі бола алады. Бұл әсіресе әуесқой эко-туристер үшін таптырмас мүмкіндік. Таудың саф ауасымен әдемі көрініс кімді болмасын таң қалдырмай қоймайтыны белгілі.

«Біз бұл ұсынысты біраз жылдан бері министрлік өкілдеріне айтып жүрдік. Көтерген бастамамыз жерде қалмады. Біздегі мақсат - тек еліміздегі, соның ішінде Алматының туризм саласын дамыту ғана емес, оны әлемге танымал ету. Көлсай -  бұл сырттан келген саяхатшыларға мақтанып көрсетуге тұрарлық мекен», - дейді «KAZ ALPINE CLUB» қоғамдық қорының төрағасы Тимур Дүйсенғалиев.

Екі жақтың туристік әлеуетін арттыру бастамасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26 мамыр күні Қырғызстанға ресми сапары аясында көтерілген еді. Сол кезде бас-аяғы 13 бірдей мемлекетаралық құжатқа қол қойылды. Кедендегі тіршілікті жандандыру мен сауда-саттық мәселесі де қаралған еді.

 «Біздің қырғыздық әріптестермен пилоттық режимде өткелі жатырмыз. Сол маршруттың қауіпсіздігін тексеріп, ары қарай тиісті нормативтік базаны жетілдіру арқылы маршруттарды келесі жылы қайтадан жаңғыртамыз», - деп мәлімдеді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.

«Көлсай мен Қайыңды көлдерін тамашалауға келетіндердің саны жылдан жылға ұлғайып келеді. Мәселен 2020 жылы 80 мың турист келсе, былтыр олардың саны екі есеге дейін ұлғайған. Енді көрші елге шығатын трансшекаралық жол ресми ашылса, саяхаттауға келетіндер саны едәуір артпақ», - дейді Ұлттық парк басшылығы.

Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, Алматы телеарнасы

Новости партнеров