«Шымбұлақтан арзан»: былтыр қазақстандық 1,5 млн турист Қырғызстанда демалған

«Шымбұлақтан арзан»: былтыр қазақстандық 1,5 млн турист Қырғызстанда демалған
Бүгінде шаңғы тебуге құмар қазақстандықтардың қаржысы Қырғызстан туризміне құйылуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Былтыр Қырғызстанға 1,5 миллион Қазақстан азаматы демалуға барған. Алматылықтардың көбі жазда Ыстықкөлге, ал қыста шаңғы тебу үшін тағы да Алатауды асады. Тек бір Бішкек қаласының маңында ғана оннан астам тау-шаңғы базасы бар. Бір-бірімен бәсекелесетін қысқы демалыс орындарының көп болуы туристер үшінде тиімді. Ал көлемі Бішкектен екі еседей үлкен, халқының көп болғанына қарамастан, Алматы маңында тау- шаңғы демалыс орындары үш есе аз. Шетелдіктермен қоса, қазақстандықтарды да қызықтыратын көрші елдегі тау туризмін Almaty.tv тілшісі көріп келді.

Чунгурчак демалыс орны. Бішкектен 30 шақырым жердегі демалыс аймағы теңіз деңгейінен 2800 метр биіктікте орналасқан екен. Жаңадан дамып келе жатқан тау шаңғы курортына келушілердің саны аз емес. Ал осы жерде шаңғымен бір күн сырғанаудың құны қанша тұратынын қазір білетін боламыз.  

« – Ассалаумағалейкум! – Қош келдіңіздер. – Шаңғымен бір күнге сырғанаудың құны қанша тұрады? – 1600 сом. Шаңғы, аяқ киім, таяқтар мен бас киім соның ішіне кіреді...»


Қос қызымен қырғыз тауларында шаңғы теуіп жүрген Александра Сперно Франциядан келіпті. Бішкек маңындағы бірнеше шаңғы базасына барып үлгерген еуропалық әйелдің айтуынша, Орта Азия елдерінің табиғаты әдемі болса да, батыс жұртына әлі де танымал  емес.

«Қызық, табиғат өте әдемі. Еуропада бұлай демалу өте қымбат. Ал Қырғызстан өте арзан», – деді турист Александра БЕРНОЛЬ (Франция).

«Қазақстанның да, Қырғызстанның да табиғаты өте әдемі. Еуропамен салыстырғанда бағалары арзан. Шымбұлақта да шаңғы тептім. Ұнады. Тау табиғаты керемет», – дейді турист Сюзана НОГЕС (Франция).  

Инфрақұрылымы орташа демалыс орындарына апаратын тау жолдарының түгелге жуығында трасса жоқ. Қия жол қауіпті болса да, қардан тұрақты тазаланбайды дейді келушілер. Бірақ соған қарамастан, Бішкек маңындағы шаңғы базаларына ағылған адам көп. Шетелдік туристердің де тұрақты демалатын мекеніне айналған. 

«Жоғары жақтан санасақ, Политех, Кашка суу, Калга қар, Ак таш, Оруу сай деп кете береді. Олардың көлемі де, бағасы да әртүрлі. Ал екінші қанаттан санасақ, Гунгурчак, Ски татыр, Зил, Тогузбулақ, Бішкектен жүз шақырмдағы Орловка және Ыстықкөл облысындағы Қарақол мен Тоо ашуу... Барлығы 12 демалыс орны бар. Бұлардың барлығы туристердің таңдау жасауына мүмкіндік береді», – деді тау-шаңғы базасы директорының орынбасары Анна СЕМЁНОВА (Бішкек).    

Анна Семенованың айтуынша, Алматыдан 600 шақырым жердегі Қарақол тау-шаңғы курорты қыста Қазақстан азаматтарынан босамайды. Курорт тек қазақ туристерінің тапсырысынан-ақ толып қалатын көрінеді.

Қырғыз тауларынан құмарың қанғанша құлдилай сырғанап, демалып қайтатын орындар өте көп. Қазақстанмен салыстырғанда құнының сәл арзандау болғанынан ба, мұнда Алматыдан да, алыс-жақын шетелден де келетін туристер саны аз емес.

Қыста Қырғызда демалатын туристердің төлейтін теңгесіне тоқталсақ. Аспалы жолмен көтерілудің құны 200-ден 1200 сом аралығында. Яғни, күнгейге күні бойы көтерілу 6 мың теңгеден аспайды. Сырғанауға қажетті шаңғы, таяқ сынды өзге де құралдарды бір күнге жалға алу да осы шамалас бағада. 

«Бүгінде бізде Қырғызстанда 25 база бар болса, олардың 17-сі жұмыс істейді. Көбі осы Бішкектің төңірегінде жайғасқан. Жоғары талапқа жауап бере алмайтын базалар да бар. Туристердің көп келуіне бағаның тұрақтылығы мен таңдау мүмкіндіктерінің көптігі де әсер етеді. Жақында ғана біз қазақ еліндегі әріптестерімізбен осында үлкен кездесу өткізіп, Алматы – Бишкек арасында экономикалық дәліз жасау туралы жобаны қолға алмақпыз. Бұл да туристердің қиындықсыз келуіне көмек болады», – деді Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат және туризм министрінің орынбасары Мақсат ДАМИРУУЛУ.

Туризмнен түсетін табыс бұл елде жалпы ішкі өнімнің 5%-ын құрайды. Мемлекетте барлығы 7 облыс болса, ондағы шұрайлы жерлерді жақсартып, жазғы-қысқы мезгілдерде келетін туристерді молынан тартудың жоспарын жасаған қырғыздар туризмнен бюджетке түсетін табысты 7%-дан асыруды көздепті. Айырқалпақты ағайындар былтыр тек сырттан келген туристтер саны таза 6 миллион 950 мың адамды құрады деп тіркепті. Табыс көзіне қомақты үлес қосқандардың арасында Қазақстан азаматтары да аз емес. Өткен жылы тауын аралап, көлін көріп қайтуға біздің елден 1,5 миллион адам барған екен.

«Біз осы Қырғызстан тауына ұжым болып 25 адамдай келдік. Өте әдемі. Ауасы да таза. Алматы маңында да осындай демалыс орнын салады деп естідім, салса тамаша болар еді. Ұжым болып ол жаққа да барып қайтар едік. Жалпы, бұл жерде керемет демалуға болады екен», – дейді турист Айзада ДІЛДЕШОВА (Қазақстан).

Алматы көлемі жағынан да, халықтың саны бойынша да Бішкектен екі есе үлкен. Бірақ тау-шаңғы базасы тұрғысынан келгенде керісінше, үш есе төмен, туристердің таңдау мүмкіндігі аз. Ал 60 жылдық тарихы бар Шымбұлаққа шығатын шаңғышылар көп. Демалушылардың көптігі тағы бір курорттық орынның салынуын талап етеді.

«Тау-шаңғы демалыс орындары неғұрлым көп болса, соғұрлым халыққа тиімді. Өйткені, ұлттың саулығы тікелей спортпен айналысу, таза ауаға шығу, тауға шығумен байланысты. Инфрақұрылым табиғатты бүлдірмейді, керісінше, сұлулықты көруге, демалуға мүмкіндік береді», – дейді Анна СЕМЁНОВА.  

«Біз Көкжайлаудың салынуын 40 жылдан бері күтіп жүрміз. Кеңес үкіметі кезінен бері осы спорт алаңы салынады деген еді, әлі күтудеміз. Қысқы ойындар олимпиадасынан қанжығамыздың да дұрыс майланбайтына осындай курорттардың жоқтығы себеп. Егер Көкжайлау салынса, біз көрші Қытай мен Қырғыз еліне үлкен дайындықтар үшін бармас едік. Өз елімізде, өз алаңымызда жаттығар едік. Курорт бой көтерсе, сноуборд, шаңғы, фристайл ойындары бойынша чемпиондар көптеп шығатыны анық», – деді Тау-шаңғы спорты бойынша Алматы қаласының бас жаттықтырушысы Павел САВЧЕНКО.

Бәсекелестіктің көп болуы бағаның көтерлімеуіне басымдық береді. Шыңына көз, көркіне сөз жетпейтін, басынан қар кетпейтін Алатаудың баурайы, Алматының айналасы әлі де курорттық орындарды салуға сұранып тұр. Тау туризимі жылдың барлық мезгілінде табыс табуға қолайлы дейді сарапшылардың көбі. 20 шақырымдық шаңғы жолы, бір ғана шатқалы бар, бәсекелестері жоқ «Шымбұлақ» болса демалыс күндері келушілердің көптігінен «тұншығып» тұр. Сондықтан Көкжайлау курорты сыртқа кететін туристерді тоқтатып қана қоймай, елімізде шетелдіктерге арналған туризм хабын қалыптастыратын таптырмас әдіс болмақ.

«Шымбұлақ тау-шаңғы курорты жылына 600 мың келушіні қабылдайды. Оның 200 мыңы – шаңғы тебушілер. Бұл көрсеткіш жыл сайын 15-20 пайызға артып жатыр. Курорттың күніне 10 мың адамды қабылдауға шамасы келеді. «Ақбұлақ» демалыс орны алыс, «Табағанда» шаңғы тебу мүмкіндігі аз. Сондықтан Көкжайлаудың салынуы аса қажет. Өзге елдер курорттар салып, туризмді дамытып жатса, біз төрт жылдан бері әлі дауласып келеміз», – деді Шымбұлақ тау-шаңғы курортының директоры Ержан ЕРКІНБАЕВ.

Көкжайлау курортының аумағы Алматыдағы тау кластерінің небәрі 10 пайыз аумағын ғана қамтиды. Демалыс орны төрт мезілде де жұмыс істейтін, әлеуметтік жоба болмақ. Көкжайлау куроты қажетті уағында салынбаса, көрші елдерге қызығып, шекара асатын қазақстандықтар саны да арта бермек. Өйткені, алысты атамағанның өзінде, көрші Қырғызстан өз демалыс базаларының санын тағы да арттырмақ ниетте.

Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы  

Новости партнеров