Алматыдан Алакөлге дейінгі жол құрылысы аяқталуға жақын

18.05.2023 21:22

Талдықорған – Қалбатау – Өскемен және Достық – Үшарал автомобиль жолына тегістелді

Almaty.tv

Жаңа туристік маусымда Алакөлге көлікпен баруға болады. Өйткені Талдықорған – Қалбатау – Өскемен және Достық – Үшарал автомобиль жолдары тақтайдай тегістелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Талдықорған-Қалбатау-Өскемен автомобиль жолының жалпы қашықтығы  313 шақырым. Оның 310 шақырымы толықтай тегістілген. Жөндеу жұмыстары 2018 жылы басталған. Араға 5 жыл салып, асфальт тимеген тек 3 шақырымы ғана қалды. Оның өзі Көлбай және Қабанбай ауылындағы жол көпірінің құрылысына байланысты тұралап тұр. Жоспарға сәйкес, ондағы жұмыстар маусымның аяғына дейін аяқталмақ. Десе де, темір тұлпар тақымдағандарға ыңғайсыздық тудырмас үшін ол аралықтарда су себіліп, жол тегістеліп тұрады.

– Туристік маусымға байланысты Алматы қаласынан Алакөлге дейінгі жолға толықтай асфальт төселіп, қауіпсіз жол қозғалысы қамтамасыз етілді, – деді «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалының директоры Нұрхат Ақылтаев.

Осыған дейін Үшарал қаласынан Алакөлге дейінгі аралықтың жайы да мәз емес еді. Дегенмен биыл екі елдімекенді жалғайтын 64 шақырым жол түгелдей асфальт жабындысымен қамтылған. Аумақта жол құрылысы 2019 жылы басталған.

– 2021 жылы жолдың 30-60 шақырымы қолданысқа берілді. 0-ден 30 шақырымға және 60-тан 90 шақырымға дейінгі аралығы 2022 жылы пайдалануға толықтай берілді. Достық қаласына дейінгі арақашықтағы 90 шақырым жол астыңғы қабатпен және асфальт жабындысымен қамтылған, – деді Нұрхат Ақылтаев.

«Ақши ауылының ішінде Алакөл жағалауына баратын жолдың 36 шақырымы асфальтталған. Көшелерде тротуар, жарық шамдары орнатылған» дейді аудан әкімдігі. Бірақ тегістелмей қалған 17 шақырым көшеге биыл қаражат сұрап, жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр.

– Оның ішінде биылғы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жөндеу жұмыстары 27 мамырда басталып, 10 маусымда аяқталады, – деді Алакөл аудандық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Еркебұлан Тұрғанов.

Айтпақшы, маусымда Алматыдан Алакөлге дейін аралыққа 5 жерден соңғы үлгідегі дәретханасы бар жабық кешен қойылмақ. Бұл туристік әлеуетті арттырып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы