Таиланд қазақстандықтарға электронды виза береді

31.01.2019 21:35

Таиланд үкіметі Қазақстаннан келген туристерге тегін виза беру мерзімін 2019 жылдың 30 сәуіріне дейін ұзартты

2019 жылдың ақпан айынан бастап Таиланд Қазақстан азаматтарына E-VOA (e-Visa On Arrival) визасын бере бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

«2019 жылы 14 ақпаннан бастап Таиланд бірқатар елдердің, соның ішінде Қазақстанның да азаматтары үшін ел аумағына келгенде берілетін E-VOA (e-Visa On Arrival) визасын беру қызметін іске қосады. Аталған қызмет құжаттарды толтыру, иммиграциялық қызмет жұмыскерлерінің оларды тексеруі және визаның рәсімделуін күтуге жұмсалатын әуежайдағы уақытты айтарлықтай азайтады», - делінген ҚР СІМ баспасөз қызметінің ресми хабарламасында.

E-VOA қызметін алу үшін Таиландқа сапарға аттанардан ең кемі 30 күн бұрын және 24 сағаттан кешіктірмей, арнайы сайтқа кіріп, тапсырыс беру қажет.

Азаматтар электронды форманы толтырып, виза ақысын MasterCard, Visa, Union Pay немесе WeChat Pay және Alipay-дің несиелік немесе дебеттік карталары арқылы онлайн режимде төлей алады.

E-VOA қызметін пайдаланған туристер Таиландтағы төрт негізгі халықаралық әуежайдың кез келгеніне келе алады: Суварнабхуми, Донмыанг, Пхукет және Чиангмай халықаралық әуежайлары.

2019 жылдың соңына дейін бұл қызмет түрі Таиландтағы басқа әуежайларда қол жетімді болады.

Айта кетейік, Таиланд үкіметі Қазақстаннан келген туристерге тегін виза беру мерзімін 2019 жылдың 30 сәуіріне дейін ұзартты.