Соңғы 8 айда 550 мыңға жуық турист келіпті
Бурабайда ішкі туристер саны жыл соңына дейін 1 млн адамға жетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биылғы маусымда Қазақстанның Швейцариясын көруге келушілер қатары 2 есеге өсіпті. Рекордтық көрсеткішке қол жеткізуге «Көл жағасындағы» қонақ үй кешені де өз үлесін қоспақ. Осыдан 1 ай бұрын жұмысын бастаған мекеме демалушыларға қызметтің барлық түрін ұсынып отыр.
«Щучинск-Бурабай» курорттық аймағында жұмысын жаңа бастаған нысанның орнында бұрын келіп-кетушілерге арналған жалдамалы үй болыпты. Жанар Сүлейменова көл жағалауында қыдырып, таңғажайып табиғат көріністерін тамашалауға зор мүмкіндік ашылып тұрған соң, қонақ үй кешенін тұрғызу жөн санағанын айтты.
«Қонақ үй салу идеясы 2020 жылдың соңында туындады. Сол кезде Қазақстанда қызмет көрсету деңгейі жоғары, жайлылығы жағынан да еш жерден кем түспейтін, асханасы дәмді мейманханаларға деген сұраныс айтарлықтай өсті. Пандемиядан кейін қазақстандықтар ел ішінде саяхаттай бастады. Шетелдіктер де көптеп ағылды. Отандық туризм әлдеқайда дами түсті десем болады. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, ғажайып мекен - Бурабай курортында сапалы әрі қолжетімді демалыс ұйымдастыруды бастап кеттік», – деді инвестор Жанар Сүлейменова.
Қонақ үй кешені тау етегінде, көл жағасында орналасқан. Бұл – тынығушылар үшін таптырмас орын. Мұнда аялдағандар Бурабайдың саф ауасына қанығып, табиғаттың осынау ғажайыбын көруге мүмкіндік алады. Мейманханада 15 бөлме бар. Бағасы 60 мың мен 150 мың аралығында. Бұдан бөлек, кешен аумағында демалушылар үшін теннис алаңы, жағажай, ашық аспан астындағы мейрамхана қарастырылған.
«Біз жобаны іске асырарда дизайнға ерекше мән бердік. Қонақ үйдегі әр бөлме, тынығу орны ерекше талғаммен жасалған. Безендірілуі де өзгеше. Әрине, мұның бәрі біраз уақыт алды. Ас ішетін орынды да келушілердің көңілінен шығатындай етіп жасадық. Қазірдің өзінде оң пікірлер естіп жатырмыз», – деді дизайнер Марина Нұртазина
Бурабайға келушілер қатары жыл санап артып келеді. Соңғы 8 айда 550 мыңға жуық турист келіпті. Өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейген. Жыл соңына дейін 1 млн-ға жетеді деген болжам бар. Туризм индустриясының комитет төрағасынығ айтуынша, көл жағасындағы қонақ үй секілді жобалар отандық туризмнің жандануына ықпал етеді.
«Ең біріншіден «Щучинск-Бурабай» курорттық аймағында туризм саласындағы мемлекеттік бағдарламаның ең әлеуеті үлкен, топ 10 нысан құрамына кірген. Сондықтан осы курорттық аймаққа және басқа да 9 аймаққа мемлекет тарапынан инфрақұрылым жағынан үлкен назар аударылады», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков.
Бүгінде Бурабайға келетін саяхатшылардың 60 пайызы қазақстандықтар, 30 пайызы - ресейліктер, ал қалған 10 пайызы алыс шетелден келушілер екен. Тек жаз маусымында ғана емес, енді қыс мезгілінде де сауықтыру орындарына тарту бойынша жұмыстар қолға алыныпты.
Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы
Толық бейнематериалды сілтемеге өтіп, көре аласыздар