Былтыр шаһарға 1 миллион турист келген
Алматыда 17 сәуір күні «Туризм және саяхат» халықаралық көрмесі өз жұмысын бастайды. Үш күнге жалғасатын шарада биыл 1200-ден астам келісімшартқа қол қойылады тиіс деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жыл сайын өтетін көрмеге 25 елден 350 компания қатыспақ. Олардың қатарында Әзірбайжан, Грекия, Грузия, Мысыр және Малайзия мемлекеттері бар. Көрме әдеттегідей туризм саласында жүрген 5 мыңнан астам маманның басын қосады. Сондай-ақ, шара аясында медициналық туризм, саяхатшылар тақырыбында бірнеше форум ұйымдастырылмақ. Көрменің өзі «Атакентте» көрме орталығында өтеді.
«Алғашқы келісімшарттар біздің Алматыда өтетін көрмеде жасалады. Мұнда 25 елден қатысушылар келеді. Бұл шарада Орталық Азиядағы туризм индустриясындағы жаңа трендтер, жаңашылдықтар және туристік әлеуетті көтеру жайы сөз болады. Қатысушылар жылдағыдай стендттерін әкеліп, делегация болып келеді. Көрмеде елдер өзара тәжірибе алмасып, болашақта бірге жұмыс істеу үшін меморандумдарға да қол қояды. Бұл біздің туризм үшін де маңызды шара», - дейді «ITECA» ЖШС туристік жобалар жетекшісі Виктория ПАВЛЕНКО.
2018 жылы Алматыға келген туристер саны 1 миллионға жеткен. Оның 400 мыңы шетелдіктер. Өзге елден келетін қонақтарды көшпелі мәдениет қызықтырады екен. Биыл қалада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында cақ мәдиниетінің орталығы саналатын «Боралдай сақ қорғандарын», «Сақ қорғанын» және «Райымбек батыр» музейін, оған қоса «Қазақфильм» аумағындағы «Ethnoland» кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл туристер тартатын мәдени орындарға жылына 1 миллионнан астам адам келеді деп болжануда.
«Тек Медеу мен Шымбұлаққа бір маусымда 600 мыңнан астам адам барды. Тіпті, кей күндері 10 мыңға дейін келушілер болған. Соңғы 2 жылда тауға апарар 15 жол жасалып, бәрі абаттандырылды. Биыл 50 миллион теңгеге 200 шақырым жолды жасау жоспарланып отыр. 2025 жылға дейін үш кластерде тау-шаңғы туризмін дамытуды көздейміз. Шығысы – Түрген таулары, орталығы – Алматы болса, батысында – Қаскелен. Осы үш жерде шамамен 10 курорт болады. Шаңғы трассасы 456 шақырымға жетеді. Бұрынғыға қарағанда 5,6 есеге артық», - дейді Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Қалибек АҚЫЛБЕКОВ.