«Шымбұлақ» пен «Роза Хутор» тау курорттары ынтымақтастық келісімін жасасты

23.01.2019 22:40

«Шымбұлақ» пен «Роза Хутор» тау курорттары енді бірлесіп жұмыс істейді. Ол үшін Қазақстан мен Ресейдің туризм саласындағы көшбасшылары ынтымақтастық келісімін жасасты. Меморандум туризм салысына қандай серпін бермек? «Шымбұлақта» не өзгеруі мүмкін? Толығырақ Аlmaty.tv тілшісі тарқатады.

Енді бұдан былай Шымбұлаққа ағылатын туристер саны артпақ. Әсіресе, Ресейден келетін демалушылар қатары көбеюі мүмкін. Қос елдің туризм әлеуетін арттыру үшін жасалынған ынтымақтастық келісімі – тәжиірбе алмасу үшін таптырмас мүмкіндік. Енді Ресейдегі «Роза Хутор» тау-шаңғы курортына саяхаттап барған немесе Шымбұлаққа келген кез келген туристке екі жақ бір-бірінің жеңілдетілген бағдарламаларын ұсынады. Ал әуе рейстеріне туристердің өздері шығындалуына тура келеді.

«Біз қазақстандық және ресейлік курорттардың өзара танымалдылығын арттыру үшін түрлі бағдарламалар ұйымдастырамыз. Жеңілдік бағдарламалары жұртты елең еткізбей қоймайды. Егер науқан аясында турист курорттардың бірінен апталық ски-пасс сатып алса, яғни жеңілдігі қарастырылған картаға ие болса, онда екінші демалыс орнына бір жұмаға жолдама тегін ала алады. Ондағы бір ғана шарт – демалыс аймағы сіздің қай қонақүйге жайғасуыңыз керек екенін өзі таңдайды. Бұл шамамен, 40 пайыз қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының маркетинг бөлімінің жетекшісі Владислав СЕМЕНОВ.

Бұл келісім тек ресейліктерді бізге немесе отандастарымызды Ресейдің «Роза Хуторына» жіберу деген сөз емес. Мұнда шартарапты шарлайтын кез келген туристті тарту – басты мақсат. «Роза Хутор» тау-шаңғы курортына жылына кем дегенде, 2 миллион 200 мың адам барады екен. Оның басым бөлігі – ішкі туристер. Дәл сол сияқты, «Шымбұлаққа» ағылатын демалушылардың көбі – жергілікті тұрғындар. Сондықтан тұмса табиғатты тамашалауға сырттан келушілердің қатарын арттыру туризм әлеуетіне зор серпін бермек. Есесіне, халықаралық стандартқа сай болу үшін екі жақ техникалық талаптардан бастап, жаңа аттракциондарға дейін бірлесе отырып жаңартпақ ниетте.

2017 жылы «Шымбұлаққа» келушілердің саны 540 мыңды құрапты. Былтыр бұл көрсеткіш 25 пайызға бір-ақ көтерілген. Биыл да дәл осы ынтымақтастықтың арқасында келушілердің қатары артады деген сенім бар. Ал мектеп оқушылары үшін жүргізіліп жатқан жыл сайынғы дәстүрлі сабақтар, тегін жаттығу жұмыстары жалғаса бермек. Бұл болашақ чемпиондар үшін зор мүмкіндік болмақ. Ал жаз айларында «Шымбұлақта» бірнеше аттракцион іске қосылады.

«Жергілікті тұрғындар «Шымбұлаққа» көбінесе демалыс күндері артығымен ағылып келеді. Ал жұмыс күндері курортқа керісінше, келушілер саны екі есе аз болып жатады. Сондықтан бұл ынтымақтастық келісімге келгеніміздің бірден-бір себебі де осы. Яғни, демалыс орны сырттан келетін туристерді қабылдауға қауқарлы. Қазір Шымбұлаққа жаңа қонақ үй қажет. Ал туристерге арналған екі жаңа трасса келесі жылы дайын болады деп күтілуде.  Бұл болшақта туристердің қайта айналып келуіне серпін береді», – деді Владислав СЕМЕНОВ.

Сарапшылардың сөзінше, Еуропамен салыстырғанда «Шымбұлақта» кезек күтіп тұрған халықты жиі байқамайды екенбіз. Айтуларынша, мұнда сервистік қызмет жақсы дамыған. Енді техникалық жағынан жетілдіру мақсатында жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін Ресейдің «Роза Хутор» демалыс орны үлгі көрсетпек. Ал ресейліктер үшін Қазақстанның шың басындағы Шымбұлағы баға жағынан тиімді екені түсінікті. ТМД елдерінің ішіндегі ең үздік тау-шаңғы курорттарының қатары былтыр мынадай болыпты: ТурСтат аналитикалық агенттігінің зерттеуі бойынша, алғашқы үштікке Грузия, Әзербайжан, Беларусь мемлекеттері кірген. Одан кейін Армения, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан жайғасыпты. Ал Ресей туристерінің көбі шаңғы тебу үшін Шымбұлаққа келген.

Айта кетейік, дамыған елдерде халықтың 90 пайызы шаңғы тепсе, Алматыда бұл көрсеткіш 1-ақ пайызды ғана құрайды.


Әйкерім Ердәулетқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы