Алматы музейлер бірлестігі жекеменшік туристік компаниялармен меморандумға қол қойды

26.09.2023 22:14

Мақсат – ішкі туризм саласын дамыту

Almaty.tv

Алматы музейлер бірлестігі жекеменшік туристік компаниялармен меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мақсат – еліміздің мәдениеті мен құндылығын қызықтап келген шетелдіктерге жағдай жасау, ішкі туризм саласын дамыту. Бүгінде мегаполисте тарихи-танымдық және әдеби-мемориалдық 30-ға жуық мұражай бар. Ежелгі уақыттан бері сақталған жәдігерлер компания өкілдеріне көрсетілді. Олар қаладағы мұражайларды туристік жоспарына қосатын болады.

Соның бірі - Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі. Мұнда қазақ халқының ғана емес, 50-ге жуық елдің ұлттық аспабы бар. Мәдени нысан Орталық Азия елдеріндегі бірегей ғимарат саналады. Сондай-ақ музейлер бірлестігінің басшысы алдағы уақытта Райымбек батыр кесенесінің жанынан жаңа мұражай салу жоспарланғанын айтты.

– Бүгінгі күні жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс басқармасына берілді. Болашақта музейдің құрылыс жұмыстары басталады. Заманауи технологилар балаларға да қызықтырады деп ойлаймын, – деді музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.

Алматыға биыл 197 мыңнан астам шетелдік турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 48 пайызға артық. Басқарма мамандарының айтуынша, саяхаттаушылар санының жыл санап ұлғаюы мегаполистегі инфрақұрылымның дамуын көрсетеді. Мәселен өткен жылы Алматыда 14 жаңа қонақ үй ашылған.

– Мен Американың Техас штатынан арнайы келдім. Біздің түсінігіміз бойынша адамдар бейнетінің зейнетін көретін шақта әлемді аралап, өзге елдерге саяхаттауы керек. Қазір менің жасым 78-де. Замандастарымызбен, достарымызбен сапарға шықтық. Орта Азия елдерінен алғаш болып Қазақстанды таңдадық. Мұндағы табиғат пен елдің мәдениеті ұнап жатыр, – деді турист Лес Крегер.

Оқи отырыңыз: Дархан Қыдырәлі Сенат депутаты болып тағайындалды