Алматыда Есентай өзенінің үстіне жалпы ұзындығы 1,5 шақырымдық алып көпір салынбақ (ФОТО)

14.02.2019 23:52

Көпірді салу үшін шамамен 5 гектардай жер телімдері заңды түрде мемлекет меншігіне алынады

Алматыдағы Есентай өзеніне алып көпір салынады. Отандық сәулетшілер қазір 4 түрлі нұсқаны дайындап қойған. Енді олардың ішінен көріктісін таңдау үшін халықтың пікірі ескеріледі деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Едені шыныдан жасалатын, ұзындығы 1,5 шақырым болатын көпір Мұхтар Әуезов театры мен Неке қию сарайын байланыстырады. Яғни, құрылыс жұмыстары Абай даңғылынан бастап, Төле би көшесіне дейін жалғаспақ. Мамандар бұл тек жол жалғайтын дәнекер ғана емес, жасыл желекке толы демалатын орынға айналады дейді. Жоба жеке инвесторлардың қаражатына салынады.

«Судың жағасы болғандықтан бұл жерде үлкен мүмкіндік бар: саябақ, гүлзарлар, жабылып қалған орындардың бәрі осында. Енді сол жабылған жерлерді ашуымыз керек. Қазір жоспарымызды көпшілікке көрсетеміз, сосын талқыланады. Еуропаны, Америка мен Азияны қараңыз, ең қымбат, ең көрікті үйлердің бәрі судың жағасында орналасқан. Біз де солай жасағымыз келеді», - дейді Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан АХМЕДЖАНОВ.

Көпірді салу үшін шамамен, 5 гектардай жер телімдері заңды түрде мемлекет меншігіне алынады. Қазір тиісті тізім жасалып жатыр. Мамандар тексеру барысында бұрынырақ салынып, кейін заң талаптарына сәйкес келмей қалған үйлерді де анықтапты. Оған қоса, кейбір нысандар тура суды қорғайтын аймақтың шекарасында тұр.

«Жерлер кері қайтарылады. Суды қорғайтын аймақ деген бар, жағадан 35 метр қашықтықта. Оның бәрі мемлекеттің меншігіне қайтарылады. Ол жерге салынған үйлердің бәрі сүріледі», - дейді басқарма басшысы.