Алматыда «Мыңжылқы» жаңа кемпинг-аймағы ашылды

05.09.2023 23:00

Маңайында Мәншүк Мәметова атындағы көл мен Амангелді шыңы орналасқан

moneyinstruct.com

Алматыда «Мыңжылқы» жаңа кемпинг-аймағы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Мыңжылқы» кемпинг-аймағы тау демалысын, трекингті, хайкингті және серуендеуді ұнататындарға арналған жазғы лагерь. Туристердің жайлы және қауіпсіз демалысы үшін шатыр, орындығы бар үстелдер және алтыбақан орнатылды.

Туристерді тарту үшін жабдықталған аймақ кіші Алматы өзенінің бастауында теңіз деңгейінен 3100 м биіктікте орналасқан.

Маңайында Мәншүк Мәметова атындағы көл мен Амангелді шыңы орналасқан.

– Біз туристер үшін жаңа автобус бағыттарын ойластырып жатырмыз. Әрбір кемпингтің орны, тақырыбы мен сипатына сәйкес келетін өзіндік бірегей дизайны бар. Кемпинг аймағы туралы барлық ақпарат карта платформаларына, соның ішінде 2GIS-ке қосылады, деді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.

«Мыңжылқы» – Алматы қаласы Туризм басқармасы ашқан тоғызыншы кемпинг-аймақ. Биыл жылдың соңына дейін туристік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде БАО-да кемпинг-аймақ ашу жоспарланып отыр.

Алматы Туризм басқармасы демалушыларды табиғатты аялап, тауда қоқыс тастамауды сұрайды, сонымен қатар жаяу серуендеу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді:

● Тауға шыққанда, туыстарыңызға маршрутыңыз туралы хабарлау қажет.

● Ауа райына сай киініңіз, теріңізді күннен қорғаңыз. Өзіңізбен бірге қажетті жабдықтарды, бас киім, ас, су және телефон алыңыз.

● Арнайы белгіленген жолдан шықпаңыз.

● Құтқару қызметінің SMS ескертуін қаперге алыңыз.

Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа демалыс аймағы ашылды