Елімізде туризм саласы бойынша 60 мың жұмыс орны ашылады

28.02.2022 23:32

Дәурен Абаев ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту мәселелеріне де көңіл бөлінетінін айтты

2025 жылға қарай туризм саласында 60 мың жұмыс орны ашылады. Мәжілістегі Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев туризм және меймандостық университетінің мүмкіндігі туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ол 2020 жылдан бастап Түркістан қаласында бейінді Халықаралық туризм және меймандостық университетінің жұмыс істей бастағанын, онда 7 бағыт бойынша 1 300-ден астам студент оқитынын еске салды.  

«Бүгінде университет дуальды білім беруді табысты жүзеге асыру арқылы халықаралық озық тәжірибе алмасатын салалық хабқа айналып келеді. Қазір университет жанынан ЮНВТО академиясын ашу, сондай-ақ ЮНЕСКО ғылыми-зерттеу орталығын құру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Ол сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту мәселелеріне көңіл бөлінетінін айтты. Инвестициясының жалпы көлемі 1 жарым трлн теңгені құрайтын туризм саласында 145 жобаны жүзеге асыру жалғасып жатқанын, онда 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылатынын жеткізді.

«Оған қоса, бағалау сомасы 1,5 трлн теңгені құрайтын 46 инвестициялық жоба пысықталып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап турдестинация инфрақұрылымының алғашқы ондығының жалпы қажеттілігінен 97 жобаны жүзеге асыруға түрлі бағдарламалар мен жоспарлар бойынша 140,4 млрд теңге бөлінді», - деді Дәурен Абаев.