Барқытбелдің күңгейінде, Алакөлдің айдынында алғаш айтыс өткізудің мақсаты ауылдағы ағайынның еңсесін көтеріп, көпке қасиетті өңірдің ерекшелігін насихаттау, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
От тілді, орақ ауызды ақындарды жұрт жайлана демалып жатқан жағажайдың жанына жинаудың өзі жеңіл болған жоқ дейді ұйымдастырушылар. Жан-жақтан ағылған адамдар тарихтан толғап, тереңнен астарлай айтатын ақындардың айтысын түсіне ме деген күдік те қылаң берген. Бірақ айтыс алғаш рет жағажайда өткеніне қарамастан қазақтың төл өнерін тыңдауға келген халық көп болды.
Қазіргі Қабанбай, бұрынғы Жарбұлақ ауылын жанай орналасқан көлдің жағасында шырайлы Шығысқа ғана емес, алашқа аты шыққан батырлар мен білімділер аз болмаған. Тұлғаларды туристерге ғана емес, жергілікті тұрғындарға да таныта, ел еңсесін көтеріп, шекара түбінде тұрған ағайынға аруақтар жатқан аймақты аманттау.
«Жайықтың жағасынан, Оралдан, Ақтөбеден, Алтайдан 14 ақын қатысып жатыр. Алакөл жағалауындағы айтысты ұйымдастырып отырған этнограф, ғалым, тарихшы Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры. Бірінші мақсат – туған жерге тағзым, екіншіден, отандық туризмді дамыту және ауыл тіршілігіне қан жүгірту», – дейді ақын Серік ҚАЛИЕВ.
Айтыс соңында ұйымдастырушылар Қабанбай ауылындағы озат оқушылар мен өнерлі, талантты кішкентай тұлғаларға грант, бір жылдық сыйақы тағайындап, ауыл жастарының білімге құмартуына жол ашты. Жанға дауа көлдің жағасын жан-жақты дамыту келушілердің көбеюіне, жақсы демалуына мүмкіндік береді.
«Бір миллиондай халық келеді деген ойдамыз. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, күніне бізге 25-30 мыңдай халық демалады. Бүгінде аймақты абаттандыру жұмысына 2 миллиад теңге бөлінді. Бұл қаржыға арбат салынып, балалар саябағы жөнделіп, Алакөл жағалауының 10 км жолына асфальт төселеді», – деді ШҚО Үржар ауданы әкімінің орынбасары Біржан ТҰРЛЫБЕКОВ.
Әдетте шетелдік музыкадан көз ашпайтын көлдің жағасы бір сәт рухани алаңға айналды. «Ел айбыны, жыр айдыны Алакөл» атты айтыстың үздіктері қомақты қаржыны жеңіп алса, жолдың алыстығына қарамай халықтың жырға бөлеу үшін жеткен барлық ақынға ақшалай сыйақы берілді. Ұлтық өнерге сусындаған көлдегі елдің рухани шөлін қандыру үшін ұйымдастырылған шараға есімі елге белгілі өнер адамдары да шақырылды. Алыстағы ағайын, қасиетті қазақ даласындағы халықтың еңсесін көтеруге бағытталған бұндай мәдени шара алдағы уақытта дәстүрге айналмақ.
Әмірболат Құсайынұлы, Ескендір Тоғысбаев «Алматы» телеарнасы