Соңғы 5 жылда Алматыға келген туристердің жалпы саны 85 пайызға артқан. Оның ішінде шетелден келетіндер саны 1,5 есеге, ал ішкі туризм 2 есеге ұлғайған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алайда биыл пандемия кезінде туризм саласы айтарлықтай зардап шекті дейді қалалық Туризм басқармасы басшысының орынбасары. Оның айтуынша, Алматы келушілерді әсіресе таулы және оқиғалы туризммен баурайды.
«Шетелдік туристер ағынын ұлғайту және қаланы барынша танымал ету жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Соңғы 3 жылда қаладағы 26 тау бағыты жөнделді. Болашақта шағын хостел және кофеханасы бар «Бутаковка» шатқалында сапар-орталығын салу жоспарда бар. Мұндай орталықтар Шымбұлақта да бой көтереді. Жаңа инфрақұрылымдық жобалар көбірек турист табуға септеседі деген ойдамыз», – деді қалалық Туризм басқармасы басшысының орынбасары Марат Айнабеков.