Биыл Алакөлге демалуға баратын қазақстандықтар саны күрт өскен. Тек бірінші жартыжылдықта Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның інжу-маржанына 240 мыңға жуық адам келген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда туристер ағынының 7 пайызға артқанын көрсетіп отыр. Алайда кейбір келушілер сервистік қызметтің әлі де ақсап тұрғанын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әлемде коронавирус белең алғалы отандастардың көбі ішкі туризмге бет бұра бастағаны рас. Әсіресе соңғы 2 жыл. Соның ішінде Алакөлге туристер ағыла бастаған. Өлкенің сұлулығын тамашалап, шипалы суына шомылуға тек бірінші жартыжылдықта 240 мыңға жуық адам келіпті.
«Мен Алматыдан келдім. Мұнда ауа райы тамаша. Бірақ демалыс орнында жағдай жасалған деп айта алмаймын. Әліде көптеген жұмыстар жасау қажет», – деді турист Мехрибан Ерғалиева.
«Алакөлге барарда жолдан қиналғанымыз рас. Бірақ осындағы сұлулықты көргенде бәрін ұмытасың», – деді турист Татьяна Лысенко.
Алакөлге туристердің көптеп келуі – осы өңірдің инфрақұрылымдық өзгеруіне әсер етуде. Мәселен, демалыс орны маңайында жаңа пансионаттар ашылып, кезең-кезеңмен инженерлік желілер салынып жатыр. Сонымен қатар, ұялы байланыс пен интернет те қолжетімді болмақ. Десе де, келушілердің көбі жағалаудың жағдайы мен қызметке көңілдері толмайтынын айтады.
«Адамдар су жағасында түнімен отырып, қоқыстарын тастап кетеді. Таңертең келсек, неше түрлі бөтелке, қалдықтар шашылып жатады. Сол үшін бір инспекторлар немесе полиция болса жақсы болар еді», – деді турист Мұрат Асанов.
Ал облыстық туризм басқармасының мәлімдеуінше, көлдің Ақши мен Көктұма кенттеріне жақын маңында бөгет салынып жатыр. Алдағы уақытта құрылыс нысаны жағалаудағы пансионаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
«Бүгінгі таңда Алакөл ауданында жалпы саны 264 туризм нысаны орналасқан. 2021 жылы жеке инвестициялар есебінен 1,4 миллиард теңге сомасына тағы 10 нысан салу жоспарланып отыр. Бұл жаңа 171 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деді Облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Мұхаметкәрімов.
Қазір курорттық аймаққа үш жолмен жетуге болады. Атап айтсақ, Алматы, Талдықорған және Нұр-Сұлтан қалаларынан күн сайын тікелей әуе рейстері ұшады. Биыл 4 қаладан шығатын жаңа пойыздар да іске қосылған. Ал келесі жылдан бастап алматылықтар айналма жолдарсыз «Үшарал-Достық» тасжолымен көлге дейін тікелей қатынайтын болады.
Аяулым Көлжігіт, Аянрафи Нәрікбаева, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы