Биыл Қазақстаннан 200 мыңға жуық турист шетелге демалуға кеткен. Туризм индустриясы комитетінің мәліметінше, карантин жойылғаннан кейін өзге елде демалғысы келетіндердің саны күрт өскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Демалыс маусымы басталып, туристік агенттіктердің жұмысы қызып тұр. Алайда қалтадағы қаражатты үнемдеймін деп алаяқтардың құрығына ілініп қалатындар да бар дейді «Туристік Қамқор» қорының жетекшісі Инна Рей. Оның дерегінше, маусым айында Петропавл қаласының 3 тұрғыны осындай фирмалардың құрбаны болған. Әбден әккіленіп алған алаяқтар оларға әлеуметтік желілер арқылы жалған жолдама сатқан.
«Егер баға нарықтағыдан тым арзан болса, онда сізді қандай да бір қақпан күтіп тұр деген сөз. Бұл жай ғана заңсыз қызмет көрсету, заңсыз ақша аудару және арзан билеттер сату болуы мүмкін. Төлем жасаған соң, фирманы да таппай қаласыз. Саяхаттау жоспарыңыз да жүзеге аспайды», – деді «Туристик қамқор» корпоративтік қорының төрағасы Инна Рей.
Мамандар демалысты өзіңіз ойлағандай жоғары деңгейде өткізу үшін алдымен турфирмалардың жұмысымен танысып алуға кеңес береді. Инна Рейдің айтуынша, ондай компаниялар қазақстандықтардың туризм саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің құрамында болуы керек. Ал сенімді туристік операторлардың тізімін «Туристік Қамқор» қорының сайтынан білуге болады.
Билет сатып алмас бұрын туристік агенттіктен тур кодын сұрау керек. Ол – ұшу қауіпсіздігінің кепілі. Отбасылық саяхатты жоспарлау кезінде мұндай код отбасының әр мүшесінде болуына назар аудару керек. Әлемдегі тұрақсыз жағдайға байланысты мамандар саяхатты өз бетінше жоспарламауға кеңес береді.
«Дубайда болғам. Туроператордардың қызметі ұнады», – деді.
Жыл басынан бері шетелге демалуға 200 мыңға жуық қазақстандық аттанған. Туризм индустриясы комитетінің хабарлауынша, жазғы маусымның басталуымен туроператорларға шағымдар саны да артқан.
«Шағымдар туристік агенттіктердің кәсіби қызметімен байланысты. Белгілі бір тәжірибесі, біліктілігі бар және сапалы қызмет көрсететін турагенттіктер бар. Туристер ақы төлеп, фирмалардың жауапсыздығынан демалуға бара алмай қалған жағдайлар да кездеседі. Сапалы қызмет көрсетпеуге қатысты фактілер жетерлік», – деді ҚР МСМ туризм индустриясы комитетінің өкілі Асылхан Есілов.
Асылхан Есіловтың айтуынша, өткен жылы туроператорлардың қызметіне 11 қазақстандық шағымданған. Сотқа тек 3 шағым түскен. Ведомстводағылар өз кезегінде шетелге сапарды жоспарлау барысында туристік агенттіктің кеңсесінің болуына назар аудару қажеттігін және әлеуметтік желілерде билеттерді сатып алмауға кеңес береді.
Асылбек Тойбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы