Соңғы 3 жылда Алматы тауларында 500-ге жуық адам жоғалып, 13 турист қаза болған. Мұндай көңіл көншітпейтін статистика Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен онлайн-презентация кезінде айтылды. Қала басшысы тау туризмін дамыту жолында бірқатар жұмыстың атқарылғанын мәлімдеді. Әсіресе, қауіпсіздік мәселесі басты назарда болмақ. Таза ауаға шығып, шыңды бағындыруға бел байлаған демалушыларға қандай жағдай жасалған? Алда тұрған міндеттер қандай? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек әңгімелейді.
2019 жылы Алматы тауларына 1 миллион 334 мың турист шықса, оның 600 мыңы шетелден келген екен. Табиғатқа тамсанып, таза ауаны жаны сүйетіндерге әкімдік тарапынан жағдай жасалып жатыр. Соңғы 4 жылда 1000 шақырымнан астам таулы бағыттар цифрландырылған. Биыл тағы 172 шақырым тау соқпағын жақсарту жоспарланып отыр. Алайда таулы жерлерде 14 қауіпті аймақ бар. Осы орындарда адасқан адам құтқарушыларды шақыра алмайды екен. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатыр деді Бақытжан Сағынтаев.
«Біз байланыс операторларымен былай келістік: әкімдік электр сымдарын жүргізіп, байланыс стансасын орнатады. Осылайша тау туристері кез келген жерде ғаламторға кіре алатын болады. Бұл алдымен ондағы адамдардың қауіпсіздігі үшін жасалып отырған жұмыс. Алматының тауына келген жан адасып қалмай, ойындағыдай демалып қайтуы үшін жағдай жасауымыз керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Мегаполис басшысы таудағы қауіпсіздікті басты назарға алу керегін айтады. Жауапты басқарма басшысы бұл бағытта бірқатар жұмыстың атқарылып жатқанын айтты.
«Таудағы аса қауіпті жерлерге арнайы үйшіктер салынады. Ол жерге туристер қолайсыз ауа-райы кезінде паналай алады. Ғимарат ішінде дәрі салынған ыдыстар, азық-түліктер мен СОС батырмасы бар. Сонымен қатар, телефонды қуаттайтын орын да қарастырылған», – деді қалалық Туризм басқармасының басшысы Сәбина Аманкелді.
Туристік компания өкілдері туристер үшін мұндай жағдай жасалып жатқаны жанымызға жақты дейді. Енді тауға шығатындар саны бұрынғыдан да артады деп болжап отыр.
«Мұндай жаңалықты естігенде төбеміз көкке жетті. Өйткені тауға шығу маусымы басталып келеді. Ал тың шешімдер осындайда маңызды. Мәселен, телефонға жүктелетін қосымша өте керек. Сол арқылы туристің қайда жүргенін көруге болады. Егер адасып кеткен жағдайда тұрған жерін бірден анықтап алуға мүмкіндік береді», – деді туристік компания директоры Әлия Исламбекова.
«Тау туризмінің қауіпсіз болуы алдымен адам үшін, сосын біз үшін де тиімді. Тауға шығып, адасып кететін жандар бар. Мұндай жаңашылдық жоғалып кетпеуге көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Алматының тауына қызығатындар саны да артатыны сөзсіз», – деді туристік компания директоры Әсем Қозыбағарова.
Аталған жаңашылдық тау туристерін қуантқаны сөзсіз. Енді әлгі ғимараттарды қаз қалпында сақтау адамдардың жауапкершілігінде дейді қала билігі. Қалай болғанда да шыңды бағындырғысы келетіндер үшін қауіпсіздік мәселесі қолға алынғаны көптің көңілінен шықты.
Өмір Әнуарбек, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы