Алматы маңындағы Шымбұлақ тау-шаңғы курорты 12 қыркүйек күні, ертеңнің арғы күні өз жұмысын тоқтатады. Жазғы маусымның аяқталуына байланысты қысқысына дайындық басталады. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін, жабдықтар толық тексеріліп жатыр. Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртай қала күні қарсаңында Шымбұлақтың шыңына шығып, әсем табиғатпен үндесіп қайтты.
Іле Алатауы шатқалының 2510 метр биіктігінде орналасқан Шымбұлақ тау-шаңғы курорты – алматылықтар мен туристердің сүйікті орны. Күннің күрт бұзылуына қарамастан, таза ауа мен әсем көрініс үшін келгендердің қатары үзілмейді.
«Мұндай жерлерді таба алмаймыз деп ойлаймын. Біраз жерге бардым. Мысалы, Қостанай мен Павлодарда. Бірақ Алматы тауының ерекшелігі бөлек», – деді Маңғыстау облысының тұрғыны Рахман Қошқаров.
«Енді бала-шағаны ертіп, тынықсын, өзіміз тынығайық деп таудың басына келіп демалып, аралап тұрамыз. Бүгін әйелім келген жоқ. Баламмен келіп отырмын», – деді қала тұрғыны Салауат Құрманәлі.
Шымбұлақ курортында дәл қазір қысқы маусымға дайындық жұмысы қызу жүріп жатыр. Келушілерге арналған жаңа қонақүйлер мен мейрамханалардың құрылысы бітіп, сақадай сай дайын тұр. Демалыс орнының жауапты мамандары, қауіпсіздікті сақтау үшін арқан жол мен өзге де жабдықтар толық тексеруден өтетінін айтты.
«Отандастарымыз үшін жасалып жатқан нәрсе – түнгі серуен, түнгі шаңғы тебу. Оның жолы өте әдемі болып жасалайын деп жатыр. Оның үстіне, жарықтары өте әдемі болады», – деді Ұлттық Туризм индустриясы қауымдастығының жетекшісі Раушан Шәмілқызы.
Дәл қазір біз Шымбұлақтың асқар шыңына шығып қайттық. Ондағы тұмса табиғаттың көрінісін көрермен назарына ұсынғымыз келіп еді, табиғаттың қолайсыздығынан тұман басып, бейнекамераға анық түспей қалды. Десе де, ол жерде алғашқы қардың жауғанына куә болып қайттық.
«Жер жәннаты – Жетісу» демекші, Алматыға келгендер Іле Алатауында орналасқан Шымбұлақ курортына міндетті түрде ат басын бұрады. Спорт кешені 1954 жылы кеңес спортшыларына арнап салынған еді. Алайда қазір Тәуелсіз Республикамыздың туризмін дамытып жатқан бірден-бір орынға айналды.
Оразай Нұртай, Ялкунжан Әшімжанов,«Алматы» телеарнасы.